Атыраулықтардың 50 пайызы коронавирусты тойдан, базардан, түнгі клубтан жұқтырған

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында күн сайын 150 адам коронавирус жұқтырады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің төрағалығымен өткен кеңесте өңірдегі эпидемиологиялық ахуал мен вакциналау мәселесі қаралды. Оған облыс әкімінің орынбасарлары, басқармалар мен жоғары оқу орындарының басшылары, ал, аудандар әкімдері селекторлық режимде қатысты.

Атырау облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Мәдениет Танауовтың мәліметіне, қаңтар-маусым айларында коронавирус инфекциясын жұқтырғандардың тәуліктік көрсеткіші 87 адам болған. Ал, шілдеде бұл көрсеткіш 150-ге жеткен.

«Коронавирус инфекциясы анықталғандардың 53 пайызы қауіпті вирусты той-томалақ, еске алу іс-шараларында, сауда үйлері мен базарлар, қоғамдық тамақтану орындары мен түнгі клубтарда жұқтырған. Ал 25,9 пайызы – науқастармен жақын қарым-қатынаста болғандар, 11,7 пайызы қоғамдық көліктерде шалдыққан. Тұрғындар санитариялық сақтық шараларына немқұрайлы қарай бастады. Бетперде тақпау мен әлеуметтік арақашықтықты сақтамау эпидемиологиялық ахуалға кері әсер етіп отыр. Тағы бір себебі – жаңа штаммның таралуы. Алматыға жіберілген 43 сынаманың 18-нен «Дельта» штаммы анықталды. Бұл штамның жұғу деңгейі екі есе жоғары, ауру барысы ауыр формада өтеді», - деді Мәдениет Танауов.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қайсар Абдуалиевтің айтуынша, коронавирус жұқтырғандар санының өсуіне байланысты Атырау қаласында резервтен 330 инфекциялық төсек-орын іске қосылған.

«Қауіпті вирусқа шалдығушылар саны өсе берсе, №2 облыстық ауруханадағы 30 орындық ішек инфекциясы бөлімін инфекциялық стационарға айналады. Облыстық аурухананың жаңа корпусынан 200 орын дайындалды. Жағдай ушыққан жағдайда, оны толық инфекциялық стационар етеміз. Сондай-ақ, темір жол ауруханасынан да орындар дайындаалады», -деді Қ.Абдуалиев.

Оның мәліметіне сүйенсек, ақпан айынан бері өңірге 141 200 доза вакцина жеткізілген. Ал, 1 ақпан-7 шілде аралығында вакцина салдырған адамдар саны 104 722-ге жеткен. Вакциналауға қатысты жоғары көрсеткіш әскери бөлімдердің сарбаздарын қоса алғанда құқық қорғау органдарына тиесілі болып. Ең төменгі көрсеткіш созылмалы аурулары бар науқастар (11%), студенттер (11,4%) мен педагогтер (50%) арасында байқалады.

Облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов эпидемиологиялық ахуалдың күрделігіне байланысты әсіресе, денсаулық сақтау басқармасы басшылығына кез келген жағдайға дайын болу керектігін тапсырды.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атыраудағы кардиологиялық орталығында инфекциялық стационар құралғанын жазған едік.


Соңғы жаңалықтар