Атыраулықтар жалпыхалықтық диктант жазуға қатысты

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атыраулықтар жалпыхалықтық диктант жазуға қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.

Мәдениет және спорт министрлігі ұйымдастырған шараның мақсаты - жаңа қазақ әліпбиін насихаттау, латын қарпіндегі қазақ әліпбиін іс жүзінде меңгеруге дағдыландыру. Латын қарпіндегі жалпыхалықтық диктант 14 қараша күні бір мезгілде сағат 11.00-де басталды. Ал мұнайлы өңірде жергілікті уақыт бойынша 10.00-де өтті.

«Атырау облысында жаңа қазақ әліпбиінде диктант жазу шарасымен 80 мыңнан астам адамды қамту жоспарланған еді. Бірақ менің ойымша, бұл көрсеткіш одан да көп болады. Жалпы статистиканы кейінірек мамандар шығарады. Біздің басты міндетіміз - халықтың латын әліпбиіне көшуге қаншалықты дайын екенін білу», - деді тілдерді дамыту басқармасының басшысы Әсия Қыстаубаева.

Айта кетейік, латын графикасындағы әліпбиге негізделген тұңғыш жалпыхалықтық диктантқа Қазақстанның 2 миллионға жуық тұрғыны қатысты. Олардың арасында белгілі қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар, әртістер мен спортшылар бар.

Астанадағы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында көппен бірге диктантты белгілі қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков, қазақстандық әртістер Майра Мұхамедқызы, Тұрар Әліпбаев, Нұрболат Арзамас, Бақтияр Адамжан, ақын-жазушылардан Несіпбек Айтұлы, Роза Мұқанова, Қонысбай Әбілов, спортшылардан Серік Ақтаев, Айбек Оралбай, Әйгерім Әбілқадырова, Талғат Зарубеков, Ринат Секназаров, тележурналис Ләйла Сұлтанқызы және басқалары жазды.

Диктант мәтіні 80-ге жуық сөзден тұрды. Жазуға есептелген уақыт - 30 минут. Тақырыбы - «Рухани жаңғыру» бағдарламасы.

Қазақстандықтар диктантты арнайы белгіленген орындарда және emle.kz, tilalemi.kz сайттарында, «Шалқар» және Қазақ радио арналарында тікелей эфирде мәтін аудиосын тыңдай отырып жазды.

 

Соңғы жаңалықтар