Атыраулық жеңілдетілген несиемен автокөлік сатып алды

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Елімізде 16 мамырда басталған автокөліктерге жеңілдетілген несие беру бағдарламасына атыраулықтар да өтініш өткізіп жатыр. Алғашқы тұрғын көлігін алып та үлгерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атырауда алғашқылардың қатарында жеңілдетілген несиемен жаңа көліктің иесі атанған тұрғын – 27 жастағы Асхат Ищанов. Банкте менеджер болып жұмыс істейді. Бағдарлама іске қосылған күні өтініш беріпті.

«Маған автосалон менеджері қоңырау шалып, сату-сатып алу келісімшартын жасау қажеттігі туралы қуанышты хабар жеткізді. Әрине, көлікті жеңілдетілген несиемен сатып алғаныма қуаныштымын. «Сhevrolet Cobalt» көлігін таңдадым. Құны – 6 млн 490 мың теңге. Ай сайын 101 мың теңге төлеуім қажет. Жеңілдетілген несиені 6 жылға рәсімдедім», - дейді Асхат Ищанов.

Бұл көлікті сататын автосалонға 400 атыраулықтан өтініш түскен. Оның ішінде 120 адам VIN-код алып, өзгелері резерв тізіміне енгізілген. Өйткені, қазір компанияның қоймасында осындай 120 көлік ғана бар.

«Жаңа көліктер 3 айдың ішінде келеді. Біздің клиенттерден «Chevrolet Cobalt» пен «Chevrolet Nexia» маркалы көлікке сұраныс артып тұр. Өткен жылы елімізде осындай 25 мыңнан астам көлік сатылды», - дейді «Вираж» компаниялар тобының директоры Ерасыл Шәріпов.

Еске сала кетелік, бұған дейін жеңілдетілген несиемен алғашқы клиент автокөлік алғаны хабарланған еді.


Соңғы жаңалықтар