Атыраулық жалбыз бен жауынқұрт өсіруден табыс тауып отыр

Фото: None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атыраулық әйел жалбыз бен жауынқұрт өсіруден табыс тауып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атырау қаласында тұратын Анар Бекмамбетованың айтуынша, жауынқұрт – топырақты құнарландыруға таптырмайтын тәсіл. Ол осы кәсіпті жыл басында бастаған.

«Бұл кәсіпті қолға алуымның өзі қызық болды. Күйеубала жаңа жыл мерекесіне бір қорап жауынқұртын әкеліп берді. Бұл – калифорниялық жауырқұрты. Содан оны зерттеп, үйде өсіруді бастадым. Жауынқұрт көбейе түсті. Сосын тағы сатып алдым. Қазір 400 мың жетті. Оны 40 шаршы метр аумақта өсіріп отырмын», -дейді Анар Бекмамбетова.

Кәсібін үй іргесінен ашқан ол құрттарға малдың тезегін, мен жеміс-жидек, көкөністердің қалдығын береді. Мұндай органикалық тыңайтқыштарды ауыл ішінен табу қиын емес. Алайда, жауынқұртының калифорниялық түрі жоғары бағаланатындықтан, оның күтімі де соған сай болуы қажет.

«Қазір калифорниялық жауынқұрттың нарықтағы құны 1 шаршы метріне 150 мың теңге тұрады. Құрттарды дернәсіл кезінде малдың қиы мен жеміс-жидек қалдығына тастаймын. Үш айда қалдықты қорытып береді. Содан соң құрттарды елекпен елеп, сатуға әзірлеп қоямын. Қалғанын қайтадан қалдықтарды қорытуға жіберемін. Бұл процесс осылай тоқтаусыз жалғаса береді», -дейді Анар Бекмамбетова.

Ол үйінің ауласында тек жауынқұртты өсірумен шектелмейді. Бұған қоса жеміс-жидек пен көкөністің сан түрін өсіріп отыр. Соның қатарында шетелден тасымалданатын Марокко жалбызы бар.

«Марокко жалбызын әріптесімнің кеңесімен өсіруді қолға алдым. Әріптесім мұндай жалбыздың қат екенін, сатылымдағы бағасы қымбат екенін айтты. Расында да солай екен. Бірден 1 келі жалбызды сатып әкеліп, 2 апта әбден тамыр жайғанша баптадым. Содан соң аулаға ектім. Енді сұраныстың көптігінен, жалбыздарды өсіріп үлгермей отырмын», -дейді кәсіпкер.

Енді ол құрт пен жалбыз өсіру ісін кеңейтпек ойы бар. Өйткені, оған шаруалардан сұраныс көп. Қолынан келетін кәсіпті жандандарып, биогумуспен жергілікті егіншілерді қамтамасыз етуді көздеп отыр.

«Құрт өсірудің пайдасы мол екен. Алдымен еңбекқорлыққа бейімделдім. Екіншіден, өңірдің тұзды топырағын құнарландыра аламыз. Үшіншіден, көлемін арттырып, республиканы қамтамасыз ете алсақ, сырттан сатып алмаймыз. Өз ақшамыз өзімізде қалады», -дейді бағбан.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында кәсіпкерлікті қолдауға 8 млрд теңге бөлінгенін хабарлаған едік.



Соңғы жаңалықтар