Атыраулық зейнеткер 31 жылдан кейін Қазақстан азаматы атанды
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінен мәлім еткендей, Атырауда әлі де жеке басын куәландыратын құжатсыз жүргендер бар. Олардың басым көпшілігі – Қазақстан Республикасының заңына сәйкес кәмелетке толмаған жаста, сондай-ақ, ескі үлгідегі құжатпен келгендер.
«Осыған байланысты бұл санаттағы азаматтар мемлекеттік қызметтен, сондай-ақ, жәрдемақы алу құқығынан айырылған. Қазір құжатсыз жүрген азаматтарды анықтап, оларды ҚР азаматының немесе азаматтығы жоқ адамның құжаттарымен құжаттандыру мақсатында тиісті жұмыстар жүргізілуде. Жыл басынан бері 9 тұрғын Қазақстанның құжатын алды», -дейді облыстық полиция департаментінің бастығы Қамза Үмбетқалиев.
Оның айтуынша, Атырау қаласында тұратын 63 жастағы зейнеткер 32 жасында 1990 жылғы үлгідегі төлқұжатты алған. Одан кейін ескі төлқұжатты ауыстырмаған. Жақында ол көші-қон қызметкерлерінің көмегімен Қазақстан Республикасының азаматы екенін куәландыратын жеке куәлікке ие болған.