Атыраулық тұрғын көшеге противогаз киіп шықты

None
Фото: instagram.com/atyrauoil.official
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атыраудағы қамыс өртін сөндіруге 70 адам тартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Жасұлан Ақтаевтың мәліметінше, 2 сәуірде тұтанған өртті сөндіру әлі жалғасып жатыр.

Қамыс өртінің түтіні кеше кешкілік және бүгін таңертең Атырау қаласын тұмшалап тұрды.

«Атырау облысында Каспий теңізінің жағалауындағы жанған қамыс өрті 89 гектар аумақты шарпыды. Бүгін, 3 сәуір күні таңертең 82 гектардағы жалын сөндірілді. Жалын ошағы батпақты жерде болғандықтан, өртенген аумаққа жету қиындық тудырып тұр. Соған қарамастан, төтенше жағдайлар департаментінен 40 қызметкер, 4 техника, «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватының 30 қызметкері мен 9 техникасы жұмылдырылды», -деп хабарлады Жасұлан Ақтаев.

«Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватының бөлім басшысы Ғани Ағыбаевтың дерегіне қарағанда, қорық аумағы 15 мың 500 гектарды құрайды.

«Соңғы жылдары Каспий теңізінің суы кері қайтып, оның орны батпақ болып жатыр. Батпақты жердегі қамыс өртіне бірнеше фактор әсер етеді. Бұл – найзағай жарқылы мен адам факторы. Бұл жолғы өртке адам факторы әсер етуі мүмкін. Жел екпінің үдеуі де өртті өршітіп жіберді», -деп мәлім етті Ғани Ағыбаев.

Атырау қаласындағы №7 емхананың бас дәрігері Гүлнафис Таңбаеваның пікіріне сүйенсек, ауадағы жағымсыз иіс созылмалы ауруларды асқындырып жіберуі мүмкін.

«Біздің облыста созылмалы ауруларға шалдыққан 130-ға жуық адам диспансерлік есепте тұр. Ал, біздің емхананың есебіне 7 мыңға жуық науқас тіркелген. Оның ішінде 29 бала бар», -деп хабарлады Гүлнафис Таңбаева.

Қамыс өртінің түтіні кеше кешкілік және бүгін таңертең Атырау қаласын тұмшалап тұрды. Осыған байланысты көшеге противогаз киіп шыққандар да бар.

Еске сала кетелік, бұған дейінКаспий жағалауында жанған қамыс түтіні Атырауды басып қалғанын жазған едік.

Кейін Каспий жағалауындағы қамыс өрті әлі толық сөнбегенін, оқушылар мен студенттер бүгін түстен кейін онлайн оқып жатқанын хабарлаған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар