Атыраулық таеквондошы әлем чемпионатының іріктеу турнирінен алтын медаль алды

None
Видеодан алынған кадр/ instagram.com/kz_taekwondo_federation
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атыраулық таеквондошы әлем чемпионатына іріктеу турнирінен алтын медаль алды. Тағы бір таеквондошы қола медальға ие болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атырау облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, іріктеу турнирі Словенияың Любяна қаласында өткен.

«Алдағы мамыр айында Әзербайжан астанасы – Баку қаласында таеквондодан әлем чемпионатының жалауы желбірейді. Төрткүл дүниенің үздік спортшылары бақ сынайтын дүбірлі дода қарсаңындағы таеквондошылар «Slovenia Open» рейтингілік турнирінде сынға түсті. Қазақстан құрамасының сапында атыраулық жаттықтырушы Сәуле Сардарова баптаған таеквондошылар да бақ сынады. Турнирдің G-1 санатындағы додада қарсыластарының бәрін қапы қалдырған Мария Севостьянова 57 келі салмақта алтын медальды жеңіп алды. Ал, 67 келі салмақта сынға түскен Нұрай Хұсайынова қола медальды еншіледі», -деп хабарлады басқарманың баспасөз қызметі.

Бұл Мария Севостьянованың алғашқы жеңісі емес. Ол былтыр Тегеран қаласында таеквондодан әскерилер арасында әлем чемпионы атанған болатын.

«Сол дода 57 келі салмақта Мария Севостьянова алтын медальға ие болып, әлем чемпионы атанды. Ал, 49 келіде Нұрай Бауыржанова күміс және 73 келіде Жансель Дениз қола медаль жеңіп алды», -деп мәлім етті басқарманың баспасөз қызметінен.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атыраулық парадзюдошы халықаралық турнирде «алтын» алғанын жазған едік.


Соңғы жаңалықтар