Атыраулық сурдодзюдошы Азия чемпионы атанды

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атыраулық сурдодзюдошы Азия чемпионы атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атырау облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы баспасөз қызметінің ақпаратына сүйенсек, сурдодзюдодан Азия чемпионаты 5-6 наурызда өткен.

«Қырғызстан астанасы – Бішкек қаласында сурдодзюдодан жалауы желбіреген Азия чемпионатына қазақстандық спортшылар да қатысты. Бұл додада атыраулық сурдодзюдошы Ерсін Болатов 60 келі салмақта бақ сынады. Қарсыластарының бәрін қапы қалдырған ол Азия чемпионы атанды», -деп хабарлады басқарманың баспасөз қызметі.

Атыраулық сурдодзюдошы іріктеу кезеңінде өз тобындағы моңғол, корей спортшыларын жеңген. Ал, ақтық сында жапондық палуанды 8 секундта иппон әдісімен ұтқан.

Азия чемпионы атанған сурдодзюдошы Қызылқоға ауданының орталығы – Миялы ауылында тұрады. Егіздің сыңары спортпен бала күнінен айналысқан. Осы аудандағы Миялы ауылындағы балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің түлегі.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын атыраулық парадзюдошы Аманжол Жанбота Гран При сайысының жеңімпазы атанғанын жазған болатынбыз.

Түркияда өткен парадзюдодан Гран При сайысында J2 санатында 90 келі салмақта атыраулық Аманжол Жанбота жеңімпазы атанды. Ол ақтық сында тағы бір атыраулық спортшы Ғалымжан Смағұлұлын ұтты.

Кейін тағы бір атыраулық парадзюдошы халықаралық турнирде «алтын» алғанын хабарлаған едік.

«TOKYO OPEN» халықаралық турнирінде J1 санаты бойынша +90 келі салмақта Ерлан Өтепов алтын медальға ие болған. Ал Токио паралимпиадасының күміс жүлдегері 60 келі салмақтағы Әнуар Сариев J2 санатында қол жүлдені иеленген еді.


Соңғы жаңалықтар