Атыраулық студентке ел Президентінен хат келді

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Ел Президентінен атыраулық студент Абай Нұрсұлтановқа хат келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Президенттің хатын Чехиядағы колледжде оқитын студентке Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов тапсырды.

Абай Нұрсұлтанов 2016 жылы Атырау қаласындағы №38 мектеп-лицейдің 9-сыныбын бітірген. Ал, 2017 жылы Чех Республикасындағы колледжге оқуға түскен. Қазір чехиялық колледждегі халықаралық қатынастар факултетінің 4-курс студенті.

Биылғы ақпаннан бері қашықтан білім алып жүр. Ол жақында Президентке жастарға көрсетіліп отырған қолдау үшін хат жазған.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың хатында «Құрметті Абай! Тәуелсіздік жылдарында біз өзімізге деген сенім тұрғысынан белсенді өмір сүретін патриот, мақсаты айқын және жауапты жастар ұрпағын өсірдік. Дәл Сіздердің қатарларыңыз – Тәуелсіздіктің 30 жылдығының жарқын символы. Оқуыңды аяқтаған соң біліміңді отанымыздың игілігі үшін жұмсайтыныңа сенімдімін» - делінген.

Абай Нұрсұлтанов Президентке жазған хатына жауап келетінін ойламаған.

«Менің жазған хатым Мемлекет басшысына жетпейтін шығар деп ойладым. Алайда, жауап хат келгеннен кейін әр адамның дауысы Президентке жететініне сендім», -дейді Абай Нұрсұлтанов.

Облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов шетелде білім алатын студентке жарқын болашақ тіледі. Сондай-ақ, Президенттің артқан үмітін ақтайтынына сенім білдірді.

Еске сала кетелік, бұған дейін атыраулық 8 жасар қыз әлемнің супермоделі атанғанын хабарлаған едік.

Соңғы жаңалықтар