Атыраулық шебер Нұрлыбек Бисембаев айына 100 домбыра жасайды

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атыраулық шебер Нұрлыбек Бисембаев 4 жыл бұрын домбыра жасайтын шеберхана ашқан. Қазір оның шеберханасында айына 100-ге жуық домбыра жасалады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атырау қаласына таяу орналасқан Береке ауылында тұратын Нұрлыбек Бисембаевтың мамандығы – домбырашы. Мамандығын қазақтың ұлттық аспабымен байланыстырған ол алдымен Д.Нұрпейісова атындағы халық музыкасы академиясы жанындағы музыка колледжін бітірген. Кейін Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінен жоғары білім алған.

«Бала кезімнен домбыраға қызығушылығым оянды. Жоғары білім алғаннан кейін Береке ауылындағы мектепте домбыра класын ашып, балаларға дәріс бердім. Қолым босаған сәтте домбыра жасауды қолға алдым. Қазір тапсырыс еліміздің әр өңірінен түседі. Өйткені, балалардың сапалы домбырада ойнағанын қаладым. Ұлттық аспаптың дауысы күмбірлеп, таза шығуы керек. Ал, базарлар мен өзге сауда орындарында сатылатын аспаптардың сапасы көңілден шықпайды», - дейді Нұрлыбек Бисембаев.

Оның айтуынша, әкесі домбыра жасаумен айналысқан. Өзі домбыра жасауды әкесінен үйренген.

«Әкемнің қолөнердегі жолын жалғастыруды мақсат еттім. Сөйтіп, домбыраны жасауға бет бұрдым. Қазір алғашқы жасаған туындым Сарайшық ауылындағы музейде тұр. Домбыра жасауды меңгерген соң, шеберхана аштым. Қазір домбыра жасауды кәсібіме айналдырдым», -дейді жергілікті шебер.

Нұрлыбек Бисембаев кәсібін бастау үшін мемлекеттік бағдарлама арқылы жеңілдетілген несие алған. Сол қаржыға станоктар мен қажетті материалдарды сатып, шеберхана ашқан.

«Қазір шеберханада айына 100-ге жуық домбыра жасаймыз. Домбыра жасауға ағаларым көмектеседі. Бірнеше адамды жұмысқа алдым. Алматыдан үйеңкі, қарағай, қара ағаш, қызыл ағашты тапсырыспен алдырамын. Біз жасаған домбыраның бағасы материалы мен жасалуы күрделілігіне байланысты болады. Ұлттық аспаптың бағасы 20 мың теңгеден басталады. Кәсіби домбырашылар қымбат домбыраға тапсырыс береді», -дейді Нұрлыбек Бисембаев.

Ол болашақта домбыра шеберханасын кеңйтіп, айына 5 мың жасауды көздеп отыр. Бұл үшін қосымша станоктар сатып алмақ.

«Менің мақсатым – көп ақша табу емес, сапалы ұлттық аспап жасау. Өзім домбырашы болғандықтан, домбыраның дыбысын бірден ажыратамын. Сол себептен, домбыра жасау кезінде бұған ерекше назар аударамын. Ең бастысы, музыка мектептеріндегі балалар сапалы аспапта ойнауды үйренуі керек», -дейді шебер.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атыраулық шебер Илона Ким шайырдан түрлі бұйым жасайтынын хабарлаған едік.


Соңғы жаңалықтар