Атыраулық шахматшы қыз әлем чемпионатында ел намысын қорғайды

None
Фото: ӨКҚ
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атыраулық жас шахматшы Зарина Нұрғалиева кезекті рет ел чемпионы атанды. Енді ол әлем чемпионатына қатысып, ел намысын қорғайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, Атырау қаласында шахматтан 20 жасқа дейінгі шахматшылар арасында ел чемпионаты мәреге жетті.

Ел чемпионатын Қазақстан шахмат федерациясы мен Ғ.Айдаралиев атындағы Атырау облыстық шахмат федерациясы ұйымдастырды.

Бұл біріншілік Атырауда үшінші рет өтіп отыр.

«Шаршы тақта үстіндегі бәсекеге еліміздің 15 өңірінен 80 шахматшы қатысты. Аталған додада әлемнің екі дүркін чемпионы, FIDE спорт шебері, атыраулық Зарина Нұрғалиева шахматтың «блиц» түрі бойынша чемпиондық атаққа ие болды. Енді жас шахматшы Грузия Республикасында өтетін әлем чемпионатында ел намысын қорғайды», -деп хабарлады басқарманың баспасөз қызметі.

Жасөспірім шахматшы Зарина Нұрғалиеваны Атырау облысының шахматтан аға жаттықтырушысы Сабырбай Ғайсин мен FIDE және халықаралық спорт шебері, Азия чемпионы Жәнібек Аманов жаттықтырады.

Ақылдылар ойынының қыр-сырын меңгерген жас шахматшы 2019 жылы Беларусь Республикасында өткен әлем чемпионатында 12 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында әлем чемпионы атанды.

Ал 2021 жылы FIDE ұйымдастырған жылдам шахматтан әлем кубогінде қола жүлдеге ие болған.

Еске сала кетелік, бұған дейін атыраулық жасөспірім шахматшы Зарина Нұрғалиева әлем чемпионы атанғанын хабарлаған болатынбыз.

Өткен жылы Румыния елінде шахматтан әлем чемпионатында да Зарина Нұрғалиеаның бағы жанды.

Сөйтіп, екінші рет әлем чемпионы атанды.

«Ол классика санатында 14 жасқа дейінгі қыздар арасында қарсыластарының бәрінен басым түсті. Осылайша, атыраулық жасөспірім шахматшы 11 кезеңде 9 жинады. Бұл жеңісі оның әлем чемпионы атануына даңғыл жол ашты», - деп хабарлаған еді басқарманың баспасөз қызметі.


Соңғы жаңалықтар