Атыраулық оқушысы алоэ өсімдігінен сусабын мен йогурт жасап шығарды

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат –Атырау облысында 9-сынып оқушысы алоэ өсімдігінен сусабын мен йогурт жасап шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық білім басқармасы баспасөз қызметінің мәліметіне қарағанда, Жылыой ауданының орталығы – Құлсары қаласында тұратын 9-сынып оқушысы Нұрдәулет Мандияров алоэ өсімдігінен бет күтіміне маска, сусабын мен балаларға арналған йогурт жасап шығарған.

Қазір ол №8 жалпы білім беретін орта мектепте оқиды. Ол бос уақытында алоэ өсімдігін зерттеп, оның қасиетін жоғалтпай, құрамындағы элементтер сақталған қолжетімді өнім алу бағытындағы ғылыми жобаны іске асырған. Оның айтуынша, алоэ өсімдігі арқылы барлық ауруларды емдейтін дәрілік заттар шығаруға болады.

«Ғылыми жобамның тақырыбы – «Денсаулық пен сұлулық кепілі – алоэ». Аталған өсімдіктің пайдасы ұшан-теңіз. Қазіргі уақытта экологияның нащарлауына байланысты тері, асқазан аурулары, түрлі аллергиялар көп кездеседі. Сондықтан аталған ауруларға қарсы алоэ өсімдігінен отандық өнімдер шығарсам деген ниетім бар. Болашақта осы бағыттағы жобамды жалғастырып, ғылыми жаңалық ашқым келеді», - дейді жас ғалым Нұрдәулет Мандияров.

Оқушының ғылыми жетекшісі, химия пәнінің мұғалімі Фарида Машырықова шәкіртінің болашағынан зор үміт күтетінін жасырмайды.

«Нұрдәулеттің ғылыми жоба аясында тәжірибелік мүмкіндігін сынап көруі жоғары нәтиже көрсетті. Ол алоэдан дайындалған өнімнің табиғилығы мен пайдалы екенін ғылыми тұрғыдан дәлелдеді. Оның мақсаты – өсімдіктен қолжетімді өнімдер әзірлеп, күнделікті қолданысқа енгізу. Бұл бағытта көп ізденді. Зерттеушілік дағдысының жоғары деңгейде екенін танытқан оқушы бұл жобаны ғылыми зерттеу нысанасына айналдырады» - дейді Фарида Машырықова.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын атыраулық оқушылардың ғылыми жұмысы халықаралық жинаққа енген еді.



Соңғы жаңалықтар