Атыраулық оқушылар Telegram-да кітапхана ашты

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат –Атырау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары Telegram-да мектеп оқулықтарының онлайн-кітапханасын ашты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Білім ордасы баспасөз қызметінің мәліметінше, жаңа жобаның авторлары – 9-сынып оқушылары Елнар Камел мен Сағиден Көшалиев. Олар онлайн-кітапхана форматындағы Теlеgram-bоt ойлап тапқан.

Идея авторларының пікірінше, «NisBooksBot» сервисіне математика, биология, физика, химия, информатика, география, Қазақстан тарихы және дүниежүзі тарихы пәндері бойынша Назарбаев Зияткерлік мектептерінің 7–12 сыныптарына арналған оқулықтары, сондай-ақ халықаралық IELTS және SAT емтихандарына дайындық тестері жүктелген. Мұндағы кітаптар жалпы білім беретін мектептердің оқушыларына да пайдалы оқу құралы болмақ.

«Карантин кезінде қағаз түріндегі көптеген кітаптарды табу қиын. Ұстаздарымыз кітаптардың электронды нұсқаларына сілтеме жібереді. Алайда, жүйенің жиі істен шығуынан кітаптарды жүктеу ұзақ уақыт алады. Осыған байланысты ұстаздар мен оқушылардың жұмысын оңайлату үшін барлық оқулықты бір сервиске жинадық. Сілтемені достарымызға мессенджерлер арқылы таратамыз. «NisBooksBot» сервисінде кітапты оңай жүктеуге, телефонда да, компьютерде де сақтауға болады. Алдағы уақытта кітаптарды оқу тоқсандарына бөліп жүктегіміз келеді. Сонда оны телефонға жүктеп алу бұдан да тезірек болады», - дейді Елнар мен Сағиден.

Енді олар сервистің мүмкіндігін кеңейтуді көздеп отыр. Болашақта сабақ кестесін, көркем әдебиет кітаптары мен Назарбаев Зияткерлік мектептеріне оқуға түсуге арналған дайындық тестерін жүктемек.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын қазақстандық 5 оқушы халықаралық бизнес-грантқа ие болғанын жазған едік.


Соңғы жаңалықтар