Атыраулық оқушылар елорда ғимараттарының көшірмесін жасады

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атырау қаласында Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары Астананың 20 жылдығына орай елорданың белгілі ғимараттарының көшірмесін жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталмыш мектептің баспасөз хатшысы Әнуар Жаманқұловтың айтуынша, 10-ға жуық макеттер арасында әйгілі «Бәйтерек» монументі, «Хан шатыр» сауда, ойын-сауық орталығы, Көлік және коммуникациялар министрлігінің ғимараты, «Северное сияние» көпқабатты тұрғын үй кешені, халық арасында Пирамида аталып кеткен «Бейбітшілік және келісім» сарайы мен «Ақорда» резиденциясы да бар. Архитектуралық нысандарды оқушылар «Ел жүрегі  - Астана» мерекелік онкүндігі аясында жасады. Барлық макеттерді жасау үшін бірнеше келі поливинилхлорид (ПВХ) және кәдімгі желім пайдаланылған.

«Оқушылар бұл макеттерді өнер сабағында дайындады. Алдымен әр нысанның сызбасын жасап алдық. Содан соң керек материалдардың көлемін анықтадық. Топтық жұмыстың нәтижесінде осындай бұйымдар шығады», - дейді өнер пәнінің мұғалімі Данияр Олжағалиев.

Пән мұғалімінің айтуынша, еңбек сабағында жасалған бұл туындылар балаларды тек қолөнерге машықтандырып қана қоймай, олардың математикадағы және бейнелеу пәндерінде алған білімін тәжірибеде пысықтауға мүмкіндік береді. Қол маторикасына жағымды әсер ететін бұл жұмыс түрі баланың қиялына ерік беріп, оқушы мен ұстаздың арасында еркін қарым-қатынастың орнауына септігін тигізеді.

null

Оқушылардың қолынан шыққан сәулетті нысандардың арасында көзді елең еткізетіні  «Ақорда» резиденциясы. Мұны оқушылар шамамен он күнде аяқтаған. Бірі «Ақорданың» қабырғасын тұрғызса, енді бірі ғимараттың терезелерін ұқыптылықпен орнатқан. Көшірменің түпнұсқаға ұқсауы үшін балалар түрлі түсті бояулар мен 12 вольттық диод шамдарын пайдаланған. Ақорданың салмағы - 5 келі. Ұзындығы - 1,5 метр, ал ені 1 метрге жуықтайды.

«Мен үшін бұл ғимаратты жасауда ешқандай қиындық туған жоқ. Біздер әуелі топқа бөлінген соң әркім ғимараттың белгілі бөліктерін дайындауға жауапты болды. «Ақорданың» макетін барлығымыз бірге аяқтадық. Нәтижесі менің көңілімнен шықты», - дейді макетті құрастырған Дана Қуанышева.

Айта кетейік, қазір дайын бұйымдар мектептің көркіне сән беріп, келушілерді тәнті қылуда. Астананың 20 жылдығына орай ұйымдастырылған бұл арт-галерея көрме ретінде жыл аяғына дейін жұмыс істейді. Осылайша еліміздің бас қаласына өзіндік тартуын жасаған атыраулық оқушылар екі қала арасын бір табан жақындатқандарына дән риза. 

nullnullnullnullnullnullnull

Соңғы жаңалықтар