Атыраулық оқушы қыз асау үйретіп, ат үстінен садақ атады

Фото: Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атыраулық мектеп оқушысы Дария Болат асау үйретіп, ат үстінен садақ атады. «Жаужүрек мың бала» киносын көргеннен кейін әке-шешесінің қолдауымен тай сатып алған. Өзі қолға үйреткен тайды бәйгеге қосқан. Қазір бәйге, қыз қуу, жамбы ату секілді ұлттық спорт түрлеріне қатысып жүр. «Атқа мінудің пайдасы өте көп. Біріншіден, көңілің көтеріліп, сергек жүресің. Екіншіден, бұл – біздің халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан мәдениеті» деген оқушы қыз Қамбар ата тұқымына қызығушылығы туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атырау қаласына таяу орналасқан Тасқала деген ауыл бар. Дария Болат сол елді мекендегі Т.Амандосов атындағы мектептің 11-сыныбында оқиды.

«Кішкентай кезімде ауылдағы ата-әжемнің тәрбиесін көрдім. Олар төрт түлік ұстайтын. Әжеме мал саууға көмектесіп жүріп, әсіресе, жылқыға қызығушылығым оянды. Өйткені жылқының адамды тартып тұратын қасиеті бар ғой. Кейін әке-шешемнің қолдауымен, өзім жинаған ақшаға тай сатып алдым. Сол тайды өзім қолға үйретіп, жем-шөбін, суын бердім. Алғаш рет тайға мінген сәтім ұмытылмайды. Бірнеше рет құлағанымды жасырмаймын. Сондай кезде гипспен жүруге де тура келді», -дейді Дария Болатқызы.

Сол кезде әке-шешесі атқа мінуіне қарсылық білдірген екен. Бірақ кейін рұқсатын берген.

«Әр ата-ана баласының амандығына алаңдап жүреді. Аттан құлағанымды көрген әке-шешемнің қобалжуы, алаңдауы орынды ғой. Бірақ, атқа міну – өзімнің қалауым. Мені бұл іске ешкім мәжбүр еткен жоқ. Кейін олар менің талабыма қолдау білдірді», -дейді шабандоз қыз.

Ол – отбасындағы төрт перзенттің екіншісі. Оның отбасында әпкесі мен сіңлісі, інісі бар. Әкесі Болат Берекеновтің мамандығы – механик. Ал, анасы Айсұлу Жұмағалиева мектепте еңбек пәнінен дәріс береді.

«Бұрынғы бабаларымыз атқа мініп, байтақ жерімізді қорғап қалғанын тарихтан білеміз. Атқа міну адамның көңілін көтеріп, рухын асқақтатады. «Жаужүрек мың бала» киносын көргеннен соң атқа деген қызығушылығым арта түсті. Маған сол кинодағы Қорланның образы ұнады. Мен де осындай ұлттық киноға түсуді армандап жүрмін», -дейді асау үйреткен оқушы қыз.

Қазір ол ат спортына қатысып жүр. Бәйге, қыз қуу, жамбы ату секілді ұлттық спорт түрлерін меңгерген. Былтыр Махамбет ауданында Конституция күніне орай ұлттық ойындар бәйгесіне алғаш рет қатысты.

«Халқымыздың ұлттық ойынының бірі – қыз қуу. Бұл ойынға Нұршат Әлихан, Фатима Орынғали, Қымбат Асылхан, Сәуле Асанкелді секілді құрбыларыммен бірге алғаш рет қатысқан едім. Маған қыз қуудың шарты ұнады. Ережеге сәйкес, жігіт қызды қуып жетіп, белбеуінен шарфты жұлып алуы керек. Сол ойында біздің жолымыз болды. Біз мінген тұлпарларға жігіттердің жүйрігі жете алған жоқ», -деп ағынан жарыла әңгімеледі Дария Болатқызы.

Қазір ат спортына ден қоюмен шектелмей, өзі баптаған тұлпарын бәйгеге қосып жүр. Оның бәйгеге қосқан тұлпары 20 жүйріктің арасынан 2-орын алған.

«Қазақтың ұлттық ат спорт түрлеріне қатысқаныма екі жол болды. Ұл болсам, аударыспақ пен теңге ілуді, көкпарды да меңгеріп алар едім. Спорттың қиын түрі жоқ. Ең бастысы, кез келген спорт түрін еркін меңгеріп, жетістікке жету үшін ынта қажет. Қазір менімен бірге атқа мінуді, ат үстінен садақ атуды үйреніп жүрген қыздар бар. Өзімнің сіңлім де атқа мініп жүреді», -дейді Дария Болат.

Атқа құмар оқушы қыз күніне 4-5 сағатын тұлпарын баптауға арнайды. Жем-шөбін, суын жаңартып, серуенге алып шығады.

«Біздің ауылда атқа мінуді серік еткен 10-ға жуық ер бала бар. Сол ұлдармен бірге мен де атқа мінуді үйреншікті әдетіме айналдырдым. Тұлпарымның қасында жүрсем, уақыттың қалай тез өткенін аңғармай қаламын. Болашақта ұлттық ат спортының өркендегенін қалаймын. Сол себептен, оған өзімнің үлесімді қосқым келеді. Осы мақсатымды іске асыру үшін Алматыдағы қазақ қыздар педагогикалық университетіне оқуға түсуге дайындалып жүрмін. Жоғары білім алып, ұлттық спортты дамытуға қызмет ететін білікті болғым келеді», -деп мақсатымен бөлісті ол.

Еске сала кетелік, бұған дейін атыраулық келіншектің бала кезінен етік жөндеуге қызығатынын жазған едік.

«Бала кезімде құрбыларым секілді қуыршақты құшақтап, сары шашын тарауға ынтам бола қойған жоқ. Ауладағы гаражда темір-терсекті аударып-төңкеру, аяқкиімді жөндеу секілді істер ұнайтын. Сол кезде сіңлімнің спорттық аяқкиімін жөндеп беретін едім. Етікшілік – арғы аталарымыздан келе жатқан кәсіп», -дейді етікші әйел Гүлдана Хауашева.


Соңғы жаңалықтар