Атыраулық оқушы бір айда полицияға 4 мәрте жалған хабар берген

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атыраулық оқушы бір айда полицияға 4 рет жалған хабар берген, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, 10-сынып оқушысы полицияға жалған хабар беруді 28 наурызда бастаған.

«Атырау қалалық полиция басқармасының 102 операторына хабарласып, 28 наурызда кешкі сағат 21:58 шамасында мән-жайды түсіндірместен М.Баймұханов көшесінде орналасқан пәтерге полиция қызметкерлерін шақыртқан. Ал, 26 сәуірде №31 мектептің ауласында орналасқан футбол алаңында жасөспірім балалар төбелесіп жатқанын хабарлаған. Бұдан кейін 29 сәуір сағат 22:48 шамасында Байқоңыр көшесінде орналасқан ойын алаңында белгісіз адамдар автокөліктерге тас лақтыратынын айтқан. Төртінші рет 30 сәуірде көпір маңында 14-15 жастағы жасөспірімдер электрошокер мен бөтелке ұстап, төбелескелі жүргенін жеткізген. Полиция қызметкерлері аталған деректерді тексеріп, берілген хабарлардың төртеуі де жалған екенін анықтады», -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Тексеру кезінде жалған хабар беріп жүрген Атырау қаласындағы мектептің 10-сыныбында оқитын 16 жасар жасөспірім екені белгілі болды.

Осыған байланысты жасөспірімнің анасына – 39 жастағы азаматшаға ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 438-бабының 1-бөлімімен әкімшілік хаттама толтырылып, 30 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі айыппұл 50 пайыз жеңілдікпен салынды.

Айыппұл сомасы 45 945 теңгені құрады.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда бәстесуден ұтылған оқушы полицияға жалған хабар бергенін жазған едік.


Соңғы жаңалықтар