Атыраулық құтқарушылар досын ажалдан құтқарған жігітке алғыс білдірді

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атыраулық құтқарушылар досын ажалдан құтқарған жігітке алғыс білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Атырау-Ақпарат» ЖШС-нің екі қызметкері 24 желтоқсанда Жайық өзенінде видео түсірген. Түсірілім аяқталған кезде мұз ойылып, екі жігіттің бірі абайсызда суға түсіп кеткен. Әріптесінің суға батқанын байқаған Салауат Кожықов бірден көмекке ұмтылған.

«Мұндай кезде алдымен үрейге бой алдырмай, сабыр сақтау керек. Пальтомды шешіп, сосын мұз үстімен енбектеп жеттім. Досымды судан шығарып, Атырау қалалық полиция басқармасының №86 стационарлық бекетіне жеткіздім. Полиция қызметкерлері зардап шеккен досыма алғашқы көмек көрсетіп, жедел жәрдем шақырды», дейді Салауат Қожықов.

Бүгін, 29 желтоқсанда облыстық төтенше жағдайлар департаментінде досын судан құтқарған Салауат Қожықовқа батылдығы үшін Алғыс хат мен арнайы сыйлық тапсырылды.

«Кез келген адам қиналған жанға көмек қолын соза бермейді. Қасындағы досын ажалдан құтқарған Салауат Қожықовтың батылдығы әр адамға үлгі болуы керек. Департамент ұжымы атынан батыл азаматқа алғыс білдіреміз», -дейді департамент бастығының орынбасары, полковник Асқат Ержанов.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын атыраулық құтқарушылар Қызыл кітапқа енген бірқазанды аман алып қалғанын жазған едік.


Соңғы жаңалықтар