Атыраулық құтқарушылар Батыс Қазақстан облысына көмекке аттанды

None
Фото: Атырау облысы ТЖД баспасөз қызметі
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атыраулық құтқарушылар Батыс Қазақстан облысына көмекке аттанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қоғаммен байланыс тобынан мәлім еткендей, атыраулық құтқарушылар Ақсай қаласы мен Қаратөбе ауданындағы тасқын судың зардабын жоюға кіріскен.

«Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментінен көршілес Батыс Қазақстан облысындағы төтенше жағдайдың зардабын жоюға атсалысу үшін 49 қызметкер, 9 арнайы техника, 3 үрмелі қайық пен 7 мотопомпа жіберілді. Кеше, 14 наурыздан бері облыстық өрт сөндіру және авариялық-құтқару қызметі бастығының орынбасары, азаматтық қорғау майоры Тілекқабыл Досмағанбетовтің басшылығымен атыраулық құтқарушылар Батыс Қазақстан облысындағы Ақсай қаласының көшелерінен ПНС-110 автокөлігімен су сору жұмыстарын жүргізіп жатыр», -деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобынан.

Сондай-ақ, атыраулық құтқарушылар Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе ауданында тұрғындарды үрмелі қайықпен эвакуациялау жұмысын бастаған.

Тасқынын су ағынын бөгеу үшін құм толтырылған қапшықтар төсеуді де қолға алған.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында жол жырылып, көлік қатынасы тоқтаған еді.

Жол учаскесі жырылғаннан кейін тасқын су деңгейі төмендегенін жазған болатынбыз.

Сондай-ақ, Қызылқоға ауданында су басуы мүмкін ауылдарға әуеден барлау жүргізілді.

Қызылқоға ауданындағы Миялы және Жангелдин ауылдарының көшелерінен 36 мың текше метр еріген қар суы сорылған.

Ал, Сағыз ауылының ортасымен өтетін Ноғайты өзенінің жағалауы мен елді мекендерді тасқын су қаупінен қорғау үшін құм салынған 7 мың қап, 800 тонна топырақ төселген.


Соңғы жаңалықтар