Атыраулық келіншек гидропоника әдісімен мал азығын дайындауды қолға алды

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атыраулық келіншек гидропоника әдісімен мал азығын дайындауды қолға алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жылыой аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұртас Қуатбаевтың дерегіне сүйенсек, былтыр Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасымен 100 кәсіпкер қайтарымсыз грант алған.

Соның бірі – Нұргүл Дәулетова. Қайтарымсыз гранттың 580 мың теңгеден астам қаржысымен жеке ісін бастаған.

«Гидропоника әдісімен мал азығын дайындаудың қыр-сырын күйеуім Бимағанбет Жұмақашевпен бірге онлайн курста оқу арқылы үйрендім. Қазір көкөністерді, малға арналған шөпті топырақсыз, қоректік заттардың судағы ерітіндісі арқылы өсіремін. Бастапқыда гидропоника әдісімен аздаған жылқымыз үшін мал азығын дайындадық. Кейін ісіміз алға басып, өсірген мал азығының артығын сатылымға шығардық», - дейді кәсіпкер.

Оның айтуынша, қазір аталмыш әдіспен өсірілген көк балаусаға сұраныс артып келеді. Асыл тұқымды ешкі мен сиыр ұстайтын тұрғындардан сұраныс жиі түседі.

«Көпшілік бұл әдісті біле бермейтін секілді. Онымен мал азығын дайындау оңай әрі қызық. Базардан сатып алынған бидай немесе арпаның дәнін алдымен жуып, тазалаймыз. Содан соң арнайы ыдыстарға салып, үш мезгіл су құямыз. Ыдысқа салынған дәнді дақыл бір аптада көк балауса шөпке айналады. Осылай өсірілген көк балаусаның биікті 20 см-ге дейін жетеді», -дейді Н.Дәулетова.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау даласында құлпынай өсіріле бастағанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар