Атыраулық кәсіпкер мүмкіндігі шектелген 12 адамды тұрақты жұмыспен қамтыды

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атыраулық кәсіпкер мүгедектігі бар 12 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Оның ішінде бірінші топтың мүгедегі де бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қызылқоға аудандық әкімдігінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, «Миялы» мүгедектер қоғамдық бірлестігінің төрағасы Асылбек Мұратов екі жыл бұрын үйінің жанынан жиһаз цехын ашқан.

«Үйімнің жанындағы ғимаратты жиһаз цехына лайықтап, 2021 жылы кәсібімді бастадым. Кәсібімді бастау үшін түрлі бағдарламалар арқылы жеңілдетілген несие алған жоқпын. Алдағы уақытта цех аумағын ұлғайтуды жоспарлап отырмын. Цехта 16 адамды тұрақты жұмыс істейді. Аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі арқылы мүмкіндігі шектеулі 12 адамды жұмысқа қабылдадым. Оның ішінде бірінші топтың мүгедегі де бар», -дейді Асылбек Мұратов.

Қазір цехта кереует, үстел, шкаф секілді жиһаздар жасалады. Жұмсақ жиһаздардың тысын ауыстырып береді.

«Бала кезімнен әртүрлі заттарды құрастыруды ұнататын едім. Қазір жиһаз цехында дайын тақтайларды бұрғылау құралының көмегімен құрастырамын. Біздің жиһаздарымызға тұрғындар тарапынан тапсырыс көп түседі. Тапсырыс берушілер жиһаз сапасына сын айтқан емес», -дейді І топтағы мүмкіндігі шектеулі жан Махамбет Серікқалиев.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда мүгедектігі бар адамдарды оңалтуға арналған 150 орындық орталық салынатынын хабарлаған болатынбыз.

Атырау облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Азамат Мәмбетовтің айтуынша, жаңа орталықтың аумағы 12 мың шаршы метрден асады.

Соңғы жаңалықтар