Атыраулық депутат жалғызбасты әкеге баспана сыйлады

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атырауда 20 жылдан бері тұрақты баспанасы жоқ Қайрат Алипанов бүгін қоныс тойын тойлады. Жалғызбасты әкеге барлық жағдайы жасалған жайлы үйді қалалық мәслихаттың депутаты, «Нұр Отан» партиясы Атырау филиалы фракциясының мүшесі Әлібек Семғалиев сыйға тартты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Күні бүгінге дейін құрқылтайдың ұясындай сыз тартқан жер үйлерді жалдап, көшіп-қонып жүрген Қайрат Алипановпен бірге ұжымдастары да қуануда. Баспана кілтін тапсыру рәсімінде олар қазақы дәстүрмен шашу ашып, ән салып, жаңа үйге құран оқытты.

«Нұр Отан» партиясы Атырау облыстық филиалының баспасөз хатшысы Эльмира Тұңғатарованың айтуынша, фракция мүшесі, Атырау қалалық мәслихатының депутаты  Әлібек Семғалиев жалғызбасты әкенің тағдыры жайында кездейсоқ естіп қалған. Ер азаматтың  көтеріп жүрген ауыр жүгін бөлісіп, Елорданың 20 жылдық мерекесі қарсаңында тәуелсіз мемлекетіміздің бір отбасына қуаныш сыйлауды ұйғарған.

«Қайрат - қайсар жан. Ұжымымызда еңбек еткеніне 10 жылдан асып кетті. Өте ұқыпты, адамгершілігі зор. Балаларына барын тосып отырған қамқор әке. Бізде сантехник болса, қасымыздағы тағы бір балабақшада аула сыпырушы болып еңбек етеді. Балаларының түсінбеген сабақтары болса, іштегі педагогтарға көрсетіп, кеңес алып жүреді. Ұжымдастар да қолдан келген көмектерін аямай, киім-кешектерін, артық заттарын ұсынуға тырысады. Көп қиналды. Анасыз бала тәрбиелеу өте ауыр екенін жақсы білеміз. Әлібек Семғалиевтың бұл азаматтық ісі көпшілікке үлгі боларлықтай. Өте ризамыз»  дейді №27 балабақшаның меңгерушісі Гүлайым Кашкенова.

Қайрат Алипанов жастайынан ата-анасынан айырылып, жетімдер үйінде тәрбиеленген.

«Балаларым мен көрген қиындықтарды көрмесін. Емін-еркін өз үйіңе кіріп-шығып, ешкімге пәтерақы төлемей күн кешкенге не жетсін. «Елбасымыз, елім» деп еміренген  ұлтжанды азаматтардың басын біріктерген «Нұр Отан» партиясы жасай берсін», -  деді ол.

Айта кету керек, игілікті шараға елімізге белгілі кәсіпкер, блогер, Алматы қалалық мәслихатының депутаты Қайрат Құдайберген де қатысты. Ол Алипановтар отбасына қажетті жиһаздарды сыйға тартты.

null 

Соңғы жаңалықтар