Атыраулық депутат мектепке жылыжай сыйға тартты

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атырауда алғаш рет мектеп жанынан жылыжай ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Нысанды Атырау қаласындағы Ахмет Байтұрсынов атындағы № 23 орта мектепке «Нұр Отан» партиясы қалалық фракциясының мүшесі, қалалық мәслихат депутаты Әлібек Семғалиев тарту етті.

«Өскелең ұрпақты еңбекқорлыққа баулу парызымыз. Сондықтан өзім сайланған округте орналасқан № 23 орта мектептің басшылығы жылыжай жобасы туралы ұсыныс жасағанда бірден қолдадым. Қажетті коммуникация жүйесі жүргізілген жылыжайды балалар игілігіне тапсырдым. Ең бастысы - балалар қуанып жүр. «Фитодизайн» үйірмесіне қатысып жүрген оқушылар алғашқы өсімдіктерін егіп үлгеріпті. Алдағы наурыз айында жылыжай ішін жасыл желекке бөлейміз деп отыр», - дейді Әлібек Семғалиев.

Айта кетелік, мектеп қолға алған «Экологиялық жылыжай» жобасы оқушылардың өсімдіктер туралы білімдерін кеңейтіп, биология пәнінен практикалық жұмыстар жүргізуді көздейді. Яғни оқушылар жылыжайда көкіністер өсіруді, қатар қоршаған ортаны қорғауды үйренеді.

Соңғы жаңалықтар