Атыраулық балабақша тәрбиешісі республикалық байқауда үздік атанды

Фото: None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атыраулық балабақша тәрбиешісі республикалық байқаудың бірінші жүлдесін иеленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Өңірлік коммуникациялар қызметінің мәліметінше, Исатай ауданындағы «Нұршуақ» бөбекжай-бақшасының тәрбиешісі Қарақат Жақсымбетова «Мектепке дейінгі ұйымның үздік педагогі» республикалық байқауының жеңімпазы атанды.

Республикалық байқауды Оқу-ағарту министрлігіне қарасты Балаларды ерте дамыту институты ұйымдастырған.

Мектепке дейінгі ұйымдардың педагогтерін қолдау және ынталандыру, сондай-ақ, тәжірибе жетілдіру арқылы кәсіби құзыретті арттыру мақсатындағы байқауға өңірлерден 17 тәрбиеші қатысқан.

Байқау жеңімпазы атанғаз атыраулық балабақша тәрбиешісі Қарақат Жақсымбетова «Баланы оқыту мен дамыту процесінде ментальды арифметиканы игерудің тиімділігі» тақырыбында шығармашылық жұмысын қорғаған.

«Ережеге сәйкес «Мен – педагогпын» атты кезеңде әрбір қатысушыға берілген уақыты бойынша онлайн сұхбат алаңына шықтым. Өз шығармашылық жұмысымды қорғап, байқаудың қазылар алқасы қойған сұраққа жауап бердім. «Педагогтің е-портфолиосы» және «Балалармен өткен қызық сәт» секілді бөліміне құжаттарымды электронды түрде жібердім», -дейді жеңімпаз тәрбиеші Қарақат Жақсымбетова.

Еске сала кетелік, бұған дейін ҰБТ-да 132 балл жинаған атыраулық түлек Оңтүстік Корея университетіне оқуға түскенін хабарлаған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар