Атыраулық ана ит талаған сәбиін ауруханаға жеткізген полицейге алғыс айтты

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау тұрғыны ит талаған 2 жасар баласын ауруханаға жеткізген полицейге алғыс айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оқиға 2020 жылғы 18 қарашада болған. Сол күні сағат 16:51-де «102» пультіне «Жұлдыз-2» шағын ауданының тұрғыны кішкентай баланы ит талап кеткенін хабарлаған. Оқиға орнына жедел жеткен полиция қызметкерлері екі жасар баланың басы мен қолы жараланғанын анықтады.

Облыстық балалар ауруханасының дәрігер-травматологы Жақсылық Мағзомовтың айтуынша, сәбиге бірден алғашқы медициналық көмек көрсетілген.

«Адам өмірінің жалғасы – баладан артық байлық бар ма? Түн ұйқысын төрт бөлетін ана ретінде мен де бауыр етім – балаларымның аман-есен өскенін қалаймын. Бір жарым жыл бұрын екі жасар баламды қабаған ит талап, өлімші еткені әлі күнге есімнен кетер емес. Сол сәтте жанымды қоярға жер таппадым. Атырау қаласының «Жұлдыз-2» шағын ауданындағы үйімізге жедел жәрдем бригадасын шақырдық. Оқиға болған жерге полиция қызметкерлері жедел жетті. Учаскелік полиция инспекторы Қанат Испусинов жедел жәрдемнің келуін күтпей, жарақаты ауыр баламды көлігімен облыстық балалар ауруханасына жеткізді. Полиция инспекторы осылай жедел әрекет етіп, жарақат алған баламның аман қалуына қол ұшын созды», - дейді Әйгерім Айынғазиева.

«Қазір бұралқы ит көбейді. Осыған байланысты жергілікті билік өкілдері қаңғыбас иттен төнетін қауіптің алдын алады деп сенемін. Ал, баламның аман қалуына қол ұшын созған полиция инспекторына аналық алғысымды білдіруді жөн санадым. Қоғамдық тәртіп пен тұрғындар қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі еңбегіне жеміс тілеймін. Қиналған жанның қорғаушысы бола берсін!», - дейді Әйгерім Айынғазиева.

Еске салайық, бұған дейін Атырау полицейлері түн ортасында көпірден секірмек болған бойжеткенді құтқарғанғанын жазған едік.


Соңғы жаңалықтар