Атыраулық Ахмад, Батырхан, Исмаил есімді үшем перзентханадан шықты

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда Ахмад, Батырхан, Исмаил есімдері берілген үшем перзентханадан шықты. Кейінгі екі жылдағы алғашқы үшем 6 қыркүйекте дүниеге келген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

16 қыркүйекте үшем облыстық перинаталдық орталықтан үйіне шығарылды. Үшемді шығарып алуға әке-шешесінің ағайын-туыстары мен облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуәлиев қатысты.

Басқарма басшысының айтуынша, облыста биылғы сегіз айда 11 333 нәресте дүниеге келген. Оның ішінде 114 егіз бар. Ал, үшем соңғы жылдары алғаш тіркеліп отыр.

«Облыстық перинаталдық орталықта 6 қыркүйекте Аянгүл Сәбитова үшемді дүниеге әкелді. Нәрестелердің үшеуі де – ұл. Сәбилердің екеуінің салмағы бірдей, өмірге келген сәтте – 1 келі 800 грамм, ал үшіншісінің салмағы 2 келі 200 грамм болды. Үшем де, олардың анасы да он күн бойы дәрігерлердің бақылауында жатты», - деді Асхан Бәйдуәлиев.

Басқарма басшысы жас отбасыны қуанышымен құттықтап, әкімдік атынан балалар арбасын сыйға тартты.

Атыраулық жас отбасы Есет Құмар мен Аянгүл Сәбитованың шаңырағында бұған дейін бір ұл болған. Әкесі мен шешесі жаңа туған сәбилерге Ахмад, Батырхан, Исмаил есімдерін берген.

«Менің де, әйелім Аянгүлдің де отбасында үшем болып дүниеге келген туыстарымыз жоқ. Біз үшем дүниеге келетінін алғаш естігенде таңқалдық. Әрине, қуанышымызда шек болмады. Бұл – құдіреті күшті Алланың бізге берген қайталанбас сыйы», - дейді үшемнің әкесі Есет Құмар.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда соңғы екі жылда алғаш рет үшем дүниеге келгенін хабарлаған болатынбыз.




Соңғы жаңалықтар