Атыраулық 80-ге жуық бала Ресейдегі пансионатқа демалуға аттанды

Фото: None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облыстық білім басқарамасы басшысының міндетін атқарушы Айнагүл Дүйсекенованың мәліметінше, көпбалалы және әлеуметтік осал отбасынан 79 бала «Қазақстан геологы» пансионатына аттанып кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Аталған пансионат Ресейдегі Железноводск пен Пятигорск қалаларының аралығындағы Иноземцево кентіндегі Бештау баурайында орналасқан. Лагерьде атыраулық балалардың жайлы әрі қызықты уақыт өткізуі үшін барлық жағдай жасалған. Демалыс кезінде балаларға мәдени, спорттық бағдарламалар, конкурстар ұйымдастырылып, түрлі фильм көрсетіледі. Қызықты іс-шаралардан басқа, демалушы балалар сол маңдағы қалаларға саяхаттап, тарихымен танысады. Пансионат аумағында волейбол мен баскетбол, шағын футбол, бадминтон мен үлкен тенниске арналған алаңдар бар. Табиғаттың таңғажайып сұлулығы, таза ауа және емдік минералды су балаларға қуат беріп қана қоймай, демалысты тиімді өткізуге, денсаулығын нығайтуға көмектеседі», - дейді «Қазақстан геологы» медициналық пансионаты директорының міндетін атқарушы Шолпан Есқалиева.

Оның айтуынша, пансионатқа балалар тек жазда ғана емес, жыл бойы қабылданады. Мұнда балалардың демалысы мен сауығуын ұйымдастыруға барлық мүмкіндік бар.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында 130 мыңнан астам бала сауықтыру шараларымен қамтылатынын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар