Атырауға Токио Паралимпиадасының күміс жүлдегерлері келді

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауға Токио Паралимпиадасының күміс жүлдегерлері келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бүгін, 31 тамызда атыраулықтар Токиодағы Паралимпиада ойындарында дзюдодан күміс жүлдеге ие болған дзюдошылар Әнуар Сариев, Дәулет Теміржан мен Зарина Байбатинаны қошеметпен күтіп алды.

«Паралимпиадаға алтын медаль алу үшін барған едім. Жеңіске жету үшін бапкерімнің кеңесін, өзімнің тәжірибемді толық пайдалануға тырыстым. Бірақ, сәл сәттілік жетіспеді. Енді Парижде Паралимпиадаға дайындықты бастаймын. Сол кезде еліміздің көк байрағын желбіретіп, Әнұранын шырқатуға тырысамын» -дейді Паралимпиада ойындарының күміс жүлдегері Әнуар Сариев.

Парадзюдодан ел құрамасының бас бапкері Жандос Қияновтың айтуынша, Әнуар Сариев – әлемдік рейтингте алғашқы үштікке енген татами шебері.

«Сол себептен, бірінші айналымда Әнуардың қарсыласы болмады. Екінші кезеңде моңғол спортшысын жартылай жеңіспен ұтты. Сол кездесуде аздаған жарақат алды. Мұрны сынып, саусағын ауыртып алды. Соған қарамастан, келесі айналымда венесуэлалық Маркос Бланкомен күресіп, оны екі әдіспен жеңді. Ал, финалда әзербайжандық Вугар Ширинлимен кездесуде қателік жіберіп алды. Қарсыласы соны пайдаланып кетті» -дейді Жандос Қиянов.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Паралимпиада қазақстандық дзюдошы Әнуар Сариев, одан соң Дәулет Теміржан, кейін Зарина Байбатина күміс жүлдегер атанған еді.


Соңғы жаңалықтар