Атырауға Семейде құрастырылған 120 автобус жеткізіледі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қала ішіндегі қоғамдық көлік мәселесін шешу үшін Атырауға Семей қаласында құрастырылған 120 жаңа автобус жеткізілмек, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Шынын айтқанда, жолаушы тасымалдау бағытында мәселе жоқ дей алмаймыз. Бүгінгі таңда Атырау қаласындағы 6 фирма 30 бағыт бойынша жолаушы тасымалын жүзеге асырып отыр. Автопарктердің тозып тұрғаны белгілі. Тасымалдаушылар өзге өңірлерден ескі апаттық автобустарды сатып алған кезде біршама сын айтылғанын да білеміз. Міне, осы мәселені ескере отырып, біз Үкіметпен бірге қажетті сапалы көлік құралдарымен қамту бағытында бағдарламаны қолға алдық. Осы мақсатта «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясымен және жеке тасымалдаушылармен бірлесіп, «Даму» қоры арқылы Семей қаласында шығарылатын жаңа автобустарды сатып алып жатырмыз», - деді Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Облыс басшысының айтуына қарағанда, бүгінде 120 жаңа автобусты сатып алу бойынша келісім бар. 20 автобус қазірдің өзінде қала ішінде жүр. Одан бөлек, Атырау облысы әкімдігі Қостанайда шығатын 50 бірдей «Анкай» автобусын сатып алу бойынша жер қойнауын пайдаланушылармен келісім жасасқан.

«Осы жұмыстардың бәрі де қордаланған мәселелерді шешеді деген үміттеміз», - деді Нұрлан Ноғаев.

Еске сала кетсек, аталмыш баспасөз мәслихатында Нұрлан Ноғаев өңірдегі балық шаруашылығының табысын да атап өткен болатын. Оның айтуынша, атыраулық балық өңдеуші кәсіпорындар 500 келі қара уылдырық саудалау мүмкіндігіне қол жеткізіп отыр. Сонымен қатар, облыстағы кадр тапшылығы 5-6 жылда жойылатынын тілге тиек етті. 

Одан бөлек, Нұрлан Ноғаев Атырау облысында жыл соңына дейін 30 әлеуметтік нысан іске қосылатынын хабарлаған еді. Аймақта 7-20-25 бағдарламасы бойынша 89 өтініш мақұлданғанын айта кету керек. 

Соңғы жаңалықтар