Атырауға Ресейден келген 54 қазақстандықтан коронавирус анықталды

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауға Ресейден келген 54 қазақстандықтан коронавирус анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті баспасөз қызметінің ақпаратына сүйенсек, 27 шілдеде Атырау облысы мен Ресей Федерациясының мемлекеттік шекарасындағы «Құрманғазы» бекеті арқылы 216 адам өткен.

«Мемлекеттік шекарадан өткендердің арасында 32 жолаушы мен халықаралық жүк тасымалдарын жүзеге асыратын 184 жүргізуші бар. Анықтамасыз келген Қазақстан Республикасының 6 азаматынан алынған коронавирус инфекциясына қарсы ПТР тест зерттеуі теріс нәтиже көрсетті. Ал, былтырғы 6 қазаннан бері Атырау облысына 56 996 адам, оның ішінде 8 577 жаяу жүргінші, 48 419 жүргізуші келген. Облыс аумағына кіруге анықтамасыз келген 355 шетел азаматына тыйым салынды. Сондай-ақ, Қазақстанның 4 757 азаматына ПТР-тестілеу жүргізілді. Оның ішінде 54 азаматтан (49 жүргізуші, 5 жолаушы) COVID-19-дың белгісі табылды», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында жыл басынан бері карантин талабы 620 мәрте бұзылғанын хабарлаған едік.


Соңғы жаңалықтар