Атырауға өзге өңірлерден келген мұғалімдерге пәтер берілді

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Былтыр Атырауға өзге өңірлерден 9 мұғалім келген. Оның ішінде 5 мұғалімге пәтер берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиевтің айтуынша, Үкіметтің «Мұғалімдер тапшылығы бар өңірлерге үздік педагогтерді тиісті қолдау шараларының пакетімен тарту қағидаларын бекіту туралы» қаулысына сәйкес Атырау облысында жұмыс істеуге 9 педагог ниет білдірген. Мұғалімдер еліміздің әр өңірінен келген.

«Атырау облысындағы мектептерге жұмыс істеуге келген 9 мұғаоімнің бесеуіне жаңа пәтердің кілті беріліп отыр. Мәселен, олардың арасында Батыс Қазақстан облысынан тарих пәнінің мұғалімі Айнагүл Ережепова, физика пәнінің мұғалімі Валентин Козлов, Шығыс Қазақстан облысынан тарих пәнінің мұғалімі Сымбат Қабышева, Ақтөбе облысынан Қайсар Нұртанов, бастауыш сынып мұғілімі Гүлүзім Амангелді бар. Қазір басқа өңірлерден келген мұғалімдердің алаңсыз жұмыс істеуіне барлық жағдай жасалды. Оларға арнайы бағдарламаға сәйкес лауазымдық жалақысына 150 пайыз мөлшеріндегі қосымша ынталандыру ақысы төленіп отыр», -дейді Жасұлан Бисембиев.

Мәселен, Батыс Қазақстан облысынан келген Валентин Козлов Атырау қаласындағы Ж.Қаражігітов атындағы №16 мектеп-лицейіне жұмысқа орналасқан.

«Біздің таңдаған мамандығымыз мұғалімдік болғандықтан, басты мақсатымыз – саналы, білімді ұрпақ тәрбиелеу. Шәкірттеріміз үздік оқуымен танылып, түрлі сайыстардан жүлделі орындарды иеленсе, бұл біз үшін үлкен мәртебе болар еді. Атырауға осындай мақсатпен келген едік. Бізге жергілікті басшылар тарапынан баспана беріліп, үлкен қолдау көрсетіліп отыр», -дейді Ж.Қаражігітов атындағы №16 мектеп-лицейінің мұғалімі Валентин Козлов.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында «Жайлы мектеп» аясында 12 білім ордасы салынатынын жазған едік.


Соңғы жаңалықтар