Атырауға «Еуропа-Азия» халықаралық бейбітшілік шеруіне қатысушылар келді

Фото: None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауға Еуропа-Азия халықаралық бейбітшілік және келісім шеруіне қатысушылар келіп жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Еуропа-Азия» халықаралық бейбітшілік және келісім шеруінің атқарушы директоры Руслан Абдуллиннің айтуынша, шеру 1 шілдеде Нұр-Сұлтан қаласынан басталған.

Бірлік пен ұлтаралық татулықты дәріптейтін шеру Қазақстанның бірнеше қаласында болған. Оның ішінде Қарағанды, Алматы, Тараз, Шымкент, Қызылорда, Ақтөбе, Орал қалалары бар. Сондай-ақ Қырғызстан Республикасының астанасы – Бішкек қаласына барған.

«Бұл – халықаралық шеру. Сол себептен, мемлекеттің қаражатына емес, халықтың қаржылық қолдауымен өтіп жатыр. Біздің мақсат – бірлік пен бейбітшілікті дәріптеу. Шерудің алғашқы кезеңі аяқталғаннан кейін келесі сапарға дайындаламыз. Еуропа мен Азияның 17 елін аралауды көздеп отырмыз», - дейді Руслан Абдуллин.

Оның айтуына қарағанда, «Еуропа-Азия» халықаралық бейбітшілік және келісім шеруі шілденің соңында Владикавказ (Ресей) қаласында аяқталады. Шараға қатысушылар Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Башқұртстан Республикаларының азаматтарынан құралған.

Атырау Өңірлік коммуникациялар алаңында өткен баспасөз брифингінен кейін шеруге қатысушылар дін саласының өкілдерімен кездесті. Сондай-ақ олар Ш.Сариев атындағы көркем сурет және қолданбалы сәндік өнер музейіндегі халық шығармашылығы көрмесін тамашалады.

Халықаралық шараны қолдаушылар Атырау қаласының орталық көшелерімен Қазақстанның көк Туын көтеріп, Сұлтан Бейбарыс алаңына дейін авто-мото шерумен жүріп өтеді. Кейін қала қонақтары үшін концерттік бағдарлама ұйымдастырылады.


Соңғы жаңалықтар