Атыраудың Жылыой ауданында IT-сынып ашылды

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Жылыойлық оқушылар «Нұр Отан» партиясының бастамасымен ашылған IT-сыныпта дәріс алып жүр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Ақылбек  Сүлейменов - Жылыой ауданы Құлсары қаласындағы №8 мектеп жанынан ашылған  IT-сыныптың  алғашқы оқушыларының бірі. 12 жасар Ақылбектің компьютерлік бағдарламаларға қызығушылығы  зор.

«Өз бетімше шағын мультфильмдер құрастыруды үйренгім келіп жүргенде IT-сынып ашылғаны өте жақсы болды. Енді мен бұл жерде анимациялық фильмдер жасауды, түрлі ойындар құрастыруды үйренемін», - дейді ол.          

null  «Ауданымызда IT-сыныптың ашылуы - елдің бас партиясының ерекше қамқорлығы деп білемін. Және бұл заман талабына сай ашылған арнайы сыныптың балаларды 8 жастан бастап қабылдауы көңіл қуантады. Балам Сұлтан 6-сыныпта оқиды, жаңа технологияларды жетік меңгерген. Бұл жерде білімін шыңдап, болашағына бағдар алып шығарына сенімдімін», - дейді Жылыой ауданының тұрғыны  Айнұр Қожахметова.

Бұл игі бастама оқушыларды компьютерлік сауаттылыққа тәрбиелеп қана қоймай, болашақта өз мамандығын дұрыс таңдауына жол ашады.

null«Қазір мұнда  8-16 жас аралығындағы 40 оқушы  білім алып жатыр. Алғашқы күннен бастап-ақ  оқушылардың ынтасы зор, белсенділікпен жұмыс жасауда. Оқушылар жалпы Scratch, 3D max модельдеу, Piton бағдарламаларын үйренуге  құмартып отыр. Әзірге қарапайым алгоритмдер құруды, бағдарламалар жасауды, әртүрлі анимациялық  мультфильмдер  жобасын,  бағдарламалық модельдер жасап үйрену жоспарланып отыр»,  - дейді  ІТ-сынып мұғалімі  Шахризада Нұрышева.

Айта кетелік, «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында қолға алынған жоба аясында Атырау облысында биыл 10  ІТ-сынып ашылды.  Бұл мектептерде  2018 жылы - 700,  2019 жылы - 1500,  2020 жылы - 2000 бала оқытылады.   

Соңғы жаңалықтар