Атыраудың Ресеймен шекарадағы ауданында каналдар түбі қазылып жатыр

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысының Ресеймен шекарадағы Құрманғазы ауданында каналдар түбі қазылып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Құрманғазы ауданы әкімдігі баспасөз қызметінің ақпаратына қарағанда, 2021 жылы 243,5 шақырым каналдың түбін тереңдетуге тапсырыс берілген. Ресей Федерациясымен шекарадағы Қиғаш өзеніне келетін судың көлемін арттыру және гидрологиялық режимін жақсарту мақсатында тереңдету жұмыстары жалғасып жатыр.

Былтыр Құрманғазы ауылдық округі бойынша 243,5 шақырым каналдың түбін қазуға ұсыныс берілген болатын. Шарон өзенінің 127 шақырымында түп тереңдету жұмыстары аяқталған.

«Қазір бірінші кезекте каналдардың 99,6 шақырым түбін тереңдетуге жоба жасақталып, мердігер ретінде таңдалған «Павлодар өзен порты» АҚ қазу жұмысын бастады. Ал, 143 шақырым бойынша жобалық сметалық құжаты жасақталып жатыр», - дейді аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ренат Нұғманов.

Оның мәліметіне сүйенсек, Панкрашин-1 каналында 508 метр, Панкрашин-2 каналының 1,6 шақырымы, Ленивый-1 каналының 2,4 шақырымы тереңдетілген. Енді Ленивый-2 каналының түбін тереңдету жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Ресеймен шекарадағы ауданда каналдардың түбін тереңдету жұмысына 33 қызметкер мен 10 экскаватор тартылған. Аталған жұмыстар 2024 жылы толықтай аяқталатыны жоспарланып отыр.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау экологтері Ресеймен шекарадағы Қиғаш өзені суының сапасын тексергенін хабарлаған едік. Бұған жақында Ресейдің Волгоград облысындағы Еділ өзеніне кәріздік ағын су жіберілгені себеп болған.

«Ресеймен шекарадағы Қиғаш өзенінен су сынамалары 10 компонентке байланысты алынды. Оның ішінде азот, сульфат, нитраттар, мұнай өнімдері, хлорид және басқа да құрамдас бөліктер бойынша іріктелді. Тексеру нәтижесінде Атырау облысының Құрманғазы ауданындағы Қиғаш өзенінің суында нормативтердің белгіленген шамадан асу дерегі тіркелген жоқ», - деді Атырау облысының бас мемлекеттік экологиялық инспекторы Сырым Тілегенов.

Соңғы жаңалықтар