Атыраудың Миялы ауылында - карантин, Мұқырда - шектеу енгізілді

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысының Қызылқоға ауданындағы Миялы ауылында - карантин режимі, ал, Мұқыр ауылында - шектеу шаралары енгізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қызылқоға ауданының бас мемлекеттік санитар дәрігері Алтынгүл Аймұратованың қаулысымен аталған ауылдардағы карантин мен шектеу шаралары бүгін, 10 маусым сағат 00:00-ден 24 маусым таңғы сағат 07:00-ге дейін созылады.

«Карантин режимі кезінде Миялы ауылына адамдар мен автокөліктің кіріп-шығуына тыйым салынсын. Миялы ауылының тұрғындары өзге өңірлерден карантин жарияланған уақыттан бастап 72 сағат ішінде келген жағдайда ауылға кіруге рұқсат етілсін» делінген құжатта.

Бұл ауылдарда азық-түлік базарлары мен дүкендер, дәріханалар сағат 9:00-21:00 аралығында жұмыс істейді. Ал, ХҚО мен мешіттер, азық-түлік сатпайтын сауда орындары мен дүкендер, фотосалондар мен ломбардтар, тігін ательесі мен түрлі шеберханалар секілді өзге нысандар, такси қызметі жұмысын тоқтатты.

«Қазір ауданда 9 адамнан қауіпті індеттің белгісі анықталды. Оның 8-і - Миялының, біреуі - Мұқыр ауылының тұрғыны. Олармен байланыста болғандар анықталып жатыр», - дейді Қызылқоға ауданының бас мемлекеттік санитар дәрігері Алтынгүл Аймұратова.

Еске сала кетелік, бұған дейін Ақкөл ауылы карантинге жабылған еді.


Соңғы жаңалықтар