Атыраудың іргесіндегі қоқыс полигоны қала сыртына көшіріледі

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атырауда қоқыс полигоны рекультивацияланады, ал мал базарлары қаладан тыс жерге көшіріледі. Бұл туралы қалалық мәслихаттың кезекті отырысында Атырау қаласының әкімі Әлимұхаммед Құттымұратұлы мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Атырау әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Атырауда қалалық мәслихаттың XXVI сессиясы өткізілді, онда қоқыс полигонын рекультивацияландыру және қала сыртына шығару, сондай-ақ қазіргі заманауи мал базарын салу мәселелері талқыланды. Сессияға қатысушылардың айтуынша, Атыраудағы қоқыс мәселесі бұрыннан бар. Күні бүгін қолданыстағы Атыраудан бес шақырым жерде орналысқан қоқыс полигоны 40 жыл бұрын ашылған.

Ол экологиялық және санитарлық-эпидемиологиялық нормалардың талаптарына сай келмейді. «Арнайы автобаза» ЖШС мәліметі бойынша, қаладан тәулігіне 236 тонна қоқыс шығарылады, айына жеті мың тоннадан астам қатты тұрмыстық қалдық жеткізіледі, жылдық көлемі 85 мың тонна. Қазіргі уақытта жиналған қалдықтардың жалпы көлемі екі миллион тоннадан асады.

Сол аумақта аса көп мөлшерде қалдық жиналып қалғандықтан жиі өрт шығады, соның салдарынан қаланың атмосферасы ластануда.

Атырау қаласының әкімі Әлимұхаммед Құттымұратұлының айтуынша, қазіргі уақытта қала сыртындағы қоқыс полигоны жойылып, оны басқа жаққа көшіру мәселесі қаралуда, жақын арада осы экологиялық мәселе өз шешімін таппақ.

«Бұл мәселе менің жеке бақылауымда. Мәселе кезең-кезеңімен шешілетін болады, қазір бірнеше жоба бар. Өздеріңіз білетіндей, әрбір жоба алдымен мемлекеттік сараптамадан өтуі керек, оң шешім қабылдануы қажет, содан кейін оны орындау үшін бюджет бекітіледі, орындаушы жарияланады. Кейде рәсім 2 жылға дейін созылуы мүмкін. Бұл жұмысты бұрынғы әкім Серік Шәпкенов бастаған болатын, біз оны жалғастырудамыз», - деді қала әкімі.

Басқосуда көтерілген келесі маңызды мәселе - мал базарларының антисанитариялық жағдайы. Қалалық ветеринария бөлімі мамандандарының айтуынша, сойылған малдың биоқалдықтарды көметін мал қорымы жоқ. Жұмыс жасап тұрған мал базарлары белгіленген санитарлық нормалар мен талаптарды сақтамайды. Сондай-ақ, союға рұқсат беретін ветеринарлық құжаттар жоқ малды қабылдайды.

«Біздің алдағы жоспарларымызда барлық мал базарларын қала сыртына шығару. Қазір лайықты орынды таңдап, сол жерге заманауи талаптарға жауап беретін ғимарат салу қажет. Кәсіпкерлер осы нысанның құрылысы бойынша ұсыныстар беруде. Бұл мәселе қалалық әкімдіктінде бақылауында тұр. Біз қаладағы барлық мал базарларын міндетті түрде тексереміз. Егер олардың санитарлық нормаларды бұзғаны анықталса біз оларды жабамыз және қала сыртынан барлық заманауи стандарттарға жауап беретін орталықтандырылған мал базарын ашамыз», - деді қала басшысы.

Бүгінгі күні Атырауда мал сойылатынын қасапханасы бар үш мал базары жұмыс істеп тұр. Құрбан Айт мерекесі қарсанында барлық мал соятын алаңдарды қалалық ветеринария бөлімінің мамандары тексереді, олардың иелеріне барлық санитарлық нормалардың талаптарын орындау жөнінде тиісті ұсынымдар берілетін болады.

Соңғы жаңалықтар