Атыраудың ауыл шаруашылығы саласында 23 жоба іске қосылады

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атыраудың ауыл шаруашылығы саласында 23 жоба іске қосылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл туралы облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов өткізген кеңесте белгілі болды.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Амангелді Саламаттың мәліметіне сүйенсек, 2021-2025 жылдарға арналған кешенді даму жоспарына сәйкес, 23 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Биыл 6 жобаны іске қосу көзделген.

«Атырау қаласында «Иманбаев», «Отбасы» шаруа қожалықтарының жылыжайлары, «АТЫРАУ-ЧИФТЛИК» шаруа қожалығының жылына 72 тонна ет өндіретін мал бордақылау алаңы іске қосылды. Сондай-ақ, «Асыл Агро», «Жұмағалиева» шаруа қожалықтарының жаңбырлатып суару қондырғылары жұмыс істейді. Алдағы уақытта Махамбет ауданындағы «Жұмағалиев» шаруа қожалығы жылыжай кешенінің құрылысы жүргізуде. Жылыой ауданында сүт өндіру цехы, Атырау қаласындағы жылына 235 тонна ет өндіретін «Джумагалиева» жеке кәсіпкерлігі мен «Jan&Adil» ЖШС-нің мал бордақылау алаңдары пайдалануға берілмек» -дейді Амангелді Саламат.

Облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов сала басшыларына баға тұрақтылығын бақылауда ұстап, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері өндіретін өнімдердің көлемін арттыруды, ауыл шаруашылық және кәсіпкерлік жобаларын жүзеге асыруды жетілдіріп, жаңа жұмыс орындарын құруды тапсырды. Сондай-ақ, азық-түлік, жем-шөп, тұрғындар күнделікті тұтынатын тауарлардың бағасына тұрақты мониторинг жүргізуді жүктеді.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында 1,4 млрд теңгенің жылыжайы салынып жатқанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар