Атыраудан Шымкентке жолаушы апармақ болған 2 автобус жүргізушісі ұсталды
2020 жылғы 29 шілде 00:48

Атыраудан Шымкентке жолаушы апармақ болған 2 автобус жүргізушісі ұсталды

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда Шымкентке жолаушы апармақ болған 2 автобус жүргізушісі ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл дерек Атырау облыстық полиция департаменті мен Көлікті бақылау инспекциясы қызметкерлерінің бірлескен рейді кезінде анықталған.

« 27 шілдеде Атырау қаласының Береке ықшамауданында «Атырау-Шымкент» бағытына жолаушы тасымалдайтын автобус тоқтатылды. Тексеру кезінде 36 жолаушысы бар автобус жүргізушісі карантин шектеуге қарамастан, жолаушы тасымалымен айналысқан. Сол күні кешкі сағат 20:15-тер шамасында «Атырау-Орал» тас жолы бойында тағы бір автобус тоқтатылды. Автобус салонындағы 30 жолаушы Шымкент қаласына бағыт алғаны анықталды», -деп хабарлады облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Карантин шектеуін сақтамаған автобус жүргізушілеріне қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 590-бабы (көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу), 571-бабы (жолаушыларды, багажды және жүктерді тасымалдау қағидаларын бұзу), сондай-ақ, 572-бабымен (жолаушыларды, багажды немесе жүктерді автомобильмен тасымалдауды жүзеге асыру кезінде жүргізушілердің еңбек және демалыс режимінің бұзылуы) бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды. Сонымен бірге, автобус жүргізушілерінің біріне ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 230-бабымен (Қазақстан Республикасының мiндеттi сақтандыру туралы заңнамасын бұзу) хаттама рәсімделіп, көлік айыппұл тұрағына қойылды.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда полицейлер құжатсыз жанармай тасымалдағандарды ұстаған болатын.


Автор:
Тілші

Jańalyqtar

MURAǴAT