Атыраудан Ресейге шығатын жолды жөндеу қалай жүруде

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Сенат депутаты Ғұмар Дүйсембаев пен Атырау облысының әкім Махамбет Досмұхамбетов «Ақтөбе-Атырау-Ресей Федерациясы шекарасы» бағытындағы автомобиль жолының Атырау облысы аумағындағы бөлігін жөндеу жұмысымен танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің мәліметінше, биыл жалпы ұзындығы 277 шақырымды құрайтын жолдың 60 шақырымын жөндеу аяқтау жоспарланған. Қазір оның 20 шақырымы пайдалануға берілген. Ал, қалған 40 шақырымдық жолды жөндеу қарқын алған.

«Қазавтожол» АҚ ұлттық компаниясы тапсырыс берген мердігер мекемелерде 226 адам тұрақты жұмыспен қамтылып, 78 арнайы техника жұмылдырылған. Сондай-ақ, 217 шақырымдық учаскеде жолдың негізгі қабатын орналастыру, коммуникация желілерін ауыстырумен қатар, 25 су өткізетін құбыр төсеу жүргізілуде. Белгіленген аумақтағы жұмысты атқаруға 183 арнайы техника мен 367 адам тартылған. Бұған қоса, жолдың сапасын анықтайтын зертханалар жұмыс істеуде.

«Мемлекет басшысы автокөлік жолдарын жаңғыртуға, әсіресе, сапасына баса мән беріп отыр. Әкімдік тарапынан маңызды жобаны жүзеге асыру үшін жан-жақты қолдау көрсетіледі. Сондықтан, жауапты мердігер мекемелерге жол құрылысының заманауи талаптарға сай әрі сапалы болуына, қауіпсіздік мәселесіне назар аударып, жұмысты белгіленген мерзімде аяқтауы тиіс» -деді облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов.

Жобаға сәйкес, аталған жол 6 жолақты болады. Жол жөндеу жұмыстарын 2022 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын «Қандыағаш-Мақат» тас жолындағы жол жұмыстары жыл соңына дейін аяқталатыны хабарланған болатын.


Соңғы жаңалықтар