Атыраудан Ресейге қатынайтын жолдың 9 шақырымы пайдалануға берілді

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атыраудан Ресейдің Астрахань облысына қатынайтын жолдың 9 шақырымы пайдалануға берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Өңірлік коммуникациялар қызметінің мәліметінше, Ақтөбе-Атырау-Ресей Федерациясының шекарасы бағытындағы республикалық автожолдың 824-833 шақырымындағы бөлігі көлік қозғалысы үшін ашылды.

Бұл жол Атырау облысынан Ресей Федерациясындағы Астрахань облысының шекарасына дейін қатынайды. Күре жолдың Атырау облысына қарасты учаскесінің ұзындығы 217 шақырымды құрайды.

Аталған жолды күрделі жөндеуден өткізу Мемлекет басшысының наззарында тұр. Жөндеу жұмыстары 2018 жылы басталған. Жол жөндеу жұмысы 4 учаскеге бөлінген. Биыл Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев аталған жолды жөндеу жұмыстарын екі рет келіп тексерді.

«Атырау облысына айына бір рет міндетті түрде келуге уәде берген болатынмын. Басты мақсатым – өңірде жүргізіліп жатқан жұмыстардың сапасы мен орындалу мерзімін жіті қадағалау. Қазір облыс орталықтарында да жол жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осы сапарымда сол жұмыстармен де танысуға тура келді. Мемлекет басшысы өңірдегі көлік жолдарының ахуалына ерекше назар аударып отыр. Сондықтан, біз атқарылып жатқан жұмыстарды тұрақты түрде әрдайым бақылауда ұстаймыз», - деді Құрманғазы ауылының тұрғындарымен кездесуде Қайырбек Өскенбаев.

Жолдың алғашқы (824-833 шақырым) 9 шақырымын құрайтын бөлігіне төменгі қабат жабындысы төселген. Сол себептен, көлік қозғалысына рұқсат берілді.

«Жол төсемінің ені – 9 метр, қалыңдығы – 57 сантиметр. Жолды жөндеу жұмыстарына 220 жұмысшы мен 163 арнайы техника тартылған. Жолдың бойында орналасқан елді мекендердің тұсына мал өтетін өткелдер мен автобус аялдамалары, көлік тұрағымен қоса көпірлер салынатыны жоспарланған. Республикалық маңызға ие Ақтөбе-Атырау-Ресей Федерациясының шекрасы бағытындағы тас жолды қайта жаңғырту жұмыстары 2018 жылы басталды. 2023 жылы толықтай пайдалануға беру жоспарланып отыр», - деп хабарлады өңірлік коммуникациялар қызметінен.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Қайырбек Өскенбаев Атыраудан Ресейге дейінгі жол құрылысын тексергенін жазған едік.


Соңғы жаңалықтар