Атыраудан Ресей Федерациясының шекарасына дейінгі жол уақытша жабылды

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атыраудан Ресей Федерациясының шекарасына дейінгі жол уақытша жабылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл туралы Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім етті.

«Бүгін, 7 ақпанда жергілікті уақытпен сағат 15:00-ден бастап қолайсыз ауа райына байланысты «Атырау – Ресей Федерациясының шекарасы» бағытындағы тас жол уақытша жабылды. Атырау облысының аумағында қалың қардың түсуіне байланысты барлық жол қозғалысына қатысушыға жолда жүру қауіпсіздігін қатаң сақтау қажеттігін ескертеміз», -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Аталған бағыттағы жол Атырау облысын Ресей Федерациясының Астрахань өңірімен байланыстырады. Қазақстан мен Рсей үкіметтерінің қаржыландыруымен екі ел шекарасындағы Қиғаш өзенінің үстінен көпір салынған.

Шекараға дейінгі жолдың ұзындығы – 277 шақырым. Күре жолдың бойында Атырау облысының Исатай және Құрманғазы ауданының елдімекендері орналасқан.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында екі күн мектеп пен колледждегі сабақ онлайн форматта өтетінін хабарлаған болатынбыз.

Атырау облысында мектеп пен колледждегі сабақты онлайн форматта өткізуге күн райының қолайсыздығы себеп болған.

«Атырау облысында күн райының қолайсыздығынa байланысты қала және аудандардағы мектептерде 0-11 сынып оқушылары, колледж студенттері сабақты бүгін, 7 ақпан түстен кейін онлайн форматта оқып жатыр. Сабақты онлайн форматта өткізу әдісі ертең, 8 ақпанда да жалғасады», - деп хабарлады облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі.


Соңғы жаңалықтар