Атыраудан келіп, Оралда 15 велосипед жымқырған ұры қолға түсті

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Атыраудан келіп, Оралда 15 велосипед жымқырған ұры қолға түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, атыраулық 26 жастағы ұры екі ай бойы Оралда осындай «кәсіп» жасаған.

Ол қыркүйек айынан бері кешкі 18.00 мен түнгі 23.00 сағат аралығында көзіне түскен велосипедтерді ұрлап, сатумен айналысқан.

Атыраудан келген «гастролер» 5 қараша күні қала орталығында кезекті велосипед ұрлап жатқан жерінен қолға түсті. Ол Д.Қонаев шағынауданында 41 жастағы әйелге тиесілі велосипедті қолды қылып, 40 мың теңге залал келтірген.

Еш жерде жұмыс істемейтін күдікті айыбын мойындап, 15 велосипедті қалай ұрлағанын айтып берді.

Қазіргі кезде ҚР ҚК 188-бабына сәйкес 15 эпизод бойынша тергеу амалдары жүргізілуде.

Айта кетейік, биылғы тоғыз айда қалада 47 велосипед ұрлығы тіркеліп, соның 30-ы иелеріне қайтарылған.

Соңғы жаңалықтар