Атыраудан басқа өңірлерге әуе рейстері қайта жанданады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Атырау қаласынан басқа өңірлерге әуе рейстері қайта жанданады, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР ИИДМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстан Республикасы аумағында коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия шешіміне сәйкес, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ұсыныстарын ескере отырып, 2020 жылғы 25 мамырдан бастап Атыраудан республиканың өзге қалаларына келесі бағыттар бойынша әуе рейстері қайта ашылады.

Рейстер әуе компаниялардың ресми сайттарында жарияланған кестеге сәйкес орындалады.

«Әуе рейстері Көліктегі бас санитарлық мемлекеттік дәрігер бекіткен санитарлық қауіпсіздіктің жоғары шаралар шартында жүзеге асырылады: жеке қорғаныс жабдықтарын пайдалану (бетперде, қолғап); сенсор термометр, әлеуметтік қашықтықтықты әуе кемесінің бортына отыруға дейін ұстану; әуежай мен әуе кемесін дезинфекциялауды күшейту.

Жаздаәуе тасымалына сұраныстың көбейетінін ескере отырып, қалалар арасында рейстер санына сұранысты ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің санитарлық-карантиндік шараларын ескере отырып әуе компаниялары анықтайды», делінген хабарламада.

Осылайша, 2020 жылғы 25 мамырдан бастап еліміздің барлық әуежайлары ішкі тұрақты рейстер үшін ашылып, ішкі әуе нарығындағы бағыттардың жандануына ықпал етеді.

Еске сала кетсек, 1 мамырдан бастап Алматы мен Нұр-Сұлтан қалалары арасында (2 қала); 5 мамырдан Семей, Өскемен, Петропавл, Қызылорда (4 қала); 11 мамырдан Ақтөбе, Павлодар, Тараз, Қарағанды, Талдықорған, Көкшетау, Қостанай (7 қала) әуе рейстері ашылды.

Айта кетерлігі, коронавирус пандемиясына байланысты елімізде мемлекеттік комиссияның шешімімен 97 халықаралық бағыт бойынша аптасына 440 рейс және ішкі рейстерде 45 бағыт бойынша аптасына 540 тұрақты рейс тоқтатылған болатын.


Соңғы жаңалықтар