Атыраудағы жәрмеңкеде 1 мыңнан астам бос жұмыс орны ұсынылды

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда Республика күні қарсаңында бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті. Оған 44 кәсіпорын қатысып, 1 мыңнан астам бос жұмыс орын ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысының орынбасары Еркебұлан Әбілқасымовтың мәліметіне сүйенсек, жыл басынан бері осындай 36 жәрмеңке өткен. Жәрмеңкеден 700-ден астам адам тұрақты жұмыс тапқан.

«Ел егемендігі туралы декларация қабылданған Республика күні қарсаңындағы жәрмеңкеге 44 кәсіпорын қатысты. Кәсіпорындар жәрмеңкеге келген жұмыссыз адамдар үшін 1 мыңнан астам бос жұмыс орнын ұсынды. Оның ішінде 500-ден астамы жұмысшы мамандығына болса, 400-ге жуығы – инженерлік позициядағы бос орындар», -деп хабарлады Еркебұлан Әбілқасымов.

Оның айтуына қарағанда, жәрмеңкеге қатысушыларға «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту» жөніндегі Ұлттық жоба шеңберінде көрсетілетін әлеуметтік қолдау шаралары туралы ақпарат берілген. Басқарма басшылар жәрмеңке қорытындысымен тұрақты жұмысқа қабылданғандар мәселесін бақылауда ұстауды көздеп отыр.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау тұрғындары 25 қазанда қоғамдық көлікте тегін жүретінін хабарлаған едік.


Соңғы жаңалықтар