Атыраудағы велошеруге италиялық экстремал қатысады

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Есімі Гиннестің Рекордтар кітабына енген италиялық экстремал Атыраудағы велошеруге қатысады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Витторио Брумотти Астана туралы таңғажайып видеоға түскен соң Қазақстанда танымал бола кетті. Онда экстремал ешқандай сақтандырусыз көпірге шыққан. Витторио Брумоттидің қатысуымен видео түсіру бастамасын Олимпиада чемпионы Александр Винокуров ұсынды. Алдағы велошеруге Винокуров та, онымен бірге «Астана» велокомандасы, Атланта Олимпиадасының чемпионы Зульфия Забирова, Илья Ильин де қатысады. Велошеру соңында қазақ эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерт болады», - дейді «Атырау облысы спортты қолдау және дамыту» қоғамдық қорының өкілі Таңат Нұршин.

Шара аясында қайырымдылық жәрмеңкесі және «Астана» велокомандасы лоттарының аукционы болады. Одан түскен қаражаттар Атырау облысындағы велоспорт мектебіне құрылғылар алуға жұмсалады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, велошеруді жыл сайынғы дәстүрге айналдыру жоспарланып отыр.

Қашықтық 9 шақырымға созылады. Велошабандоздар облыстық Қазақ академиялық драма театрының алдындағы алаңнан бастап, Бейбарыс алаңында шеруді аяқтайды. Тіркеу таңғы 8:00-де басталады. Велошеруге мына сілтеме арқылы өтіп жазылуға болады.



Фото: 2.bp.blogspot.com

Соңғы жаңалықтар