Атыраудағы үйлену тойында көкпар тартылып, балуандар белдесті

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атырау облысы Қызылқоға ауданындағы Жангелдин ауылында ерекше той болды. Жас жұбайлардың үйлену тойында көкпар тартылып, балуандар белдесіп, ат жарыстырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Темірбек пен Қымбаттың шаңырақ көтеру тойында мектеп оқушылары арасында қазақ күресі, ересектер арасында түйе балуандар белдесуі, тай жарысы мен көкпар тартысы сияқты ұлттық ойын түрлері ұйымдастырылды.

Үйлену тойына жиналған қауым ең бірінші оқушылар арасында қазақ күресін тамашалады. Қажымұқан аталарының жолын қуған балғын балуандардың белдесуінде Атанияз Дәлубайдың бағы жанса, екінші орынды Ақжол Жәрдемғали, үшінші орын Нұрхат Жылқыбаевқа бұйырды. Ал, ересектер арасында Нұрбек Егінбаевтің жауырыны жерге тимей, «Түйе балуан» атағын иеленді.

Бұдан кейін жиналғанжұртшылықтың назары тай жарысына ауды. Он екі тай арасындағы тартысты додада Азат Рашидтің аты бәйгеден озып келді.

Сонымен қатар, аудан жастары ден қойып жүрген көкпар ойыны да тартысты өтті. Үш команда қатысып, бақтарын сынаған додада «Сұңқар» тобы жеңіске жетті.

«Достарымызбен ақылдасып, халқымыздың салт-дәстүрлерін, ұлттық спорт түрлерін, салауатты өмір салтын насихаттау үшін осындай шараны ұйымдастырдық. Ұлттық спорт ойындары тек қана белгілі бір мерекелерде емес, түрлі тойларда, ас берулерде ұйымдастырып тұрсақ жас жеткіншектердің оған деген қызығушылығы артатыны сөзсіз, - дейді ерекше тойды ұйымдастырушы Асхат Есенқұлов.

Авторы: Абай АҚМҰРЗИЕВ

Соңғы жаңалықтар