Атыраудағы тұрақтандыру қорының қоймасында 813 тонна көкөніс бар

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атыраудағы тұрақтандыру қорында 813 тонна көкөніс бар. Қор қоймасындағы өнім мамырға дейін жетеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Нұрбол Жаңабековтің айтуынша, Тәжікстан мен Қырғызстаннан пияз жеткізуге келіссөз жүргізіліп жатыр.

«Пияздың сапасы мен нақты бағасы белгілі болғаннан «Атырау» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ шартқа отырады. Пиязды «Идеал Маркет» ЖШС сатуға ниет білдірді. Тәжікстаннан пияз өнімі тасымалданып, «Идеал» супермаркеттерінде сатылатын болады. Пиязды Жамбыл мен Батыс Қазақстан облыстарынан тасымалдау жоспарланып отыр», -деп хабарлады Нұрбол Жаңабеков.

Оның мәліметінше, өңірдегі 60-қа жуық сауда орнында әлеуметтік маңызы бар 18 түрлі өнім сатылып жатыр. Бұл өнімдердің бағасы нарықтағы құннан 15 пайызға арзан. Қант тапшылығын болдырмау үшін «Көксу» зауытымен алдын ала келісім жасалған.

«Биыл «Қызанақ агро» ЖШС 300 гектар алқапқа егін егеді. Көкөніс өнімін сату үшін сауда орындардың санын 12-ге жеткізеді. Аталған шаруашылық күзде 5 мың тоннадан астам ауыл шаруашылығы өнімдерін жинауды көздеп отыр. Көкөністер мамыр айына дейін қоймада сақталып, сатылымға шығарылады. Өзге өңірлерден де көкөністерді жеткізу мақсатында келіссөздер жүргізуге жұмыстанып жатырмыз. Бұл бағаның тұрақтауына септігін тигізеді», - дейді «Атырау» ӘКК АҚ бас менеджері Гүлмира Меңдалиева.

Бас менеджердің дерегіне сүйенсек, қазір тұрақтандыру қорының қоймасында 813 тонна көкөніс бар. Қоймадағы өнім мамыр айына дейін жетеді.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда азық-түлік бағасының өсуіне делдалдар себеп болуғанын жазған едік.


Соңғы жаңалықтар