Атыраудағы шағын ауданда құбырдан ақау табылып, жылу беру уақытша тоқтатылды

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атыраудағы шағын ауданда құбырдан ақау табылып жылу беру уақытша тоқтатылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атырау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің сектор меңгерушісі Темірлан Әубәкіровтің мәліметінше, «Нұрсая» шағын ауданында көпқабатты бірнеше үйге жылу беру тоқтатылған.

«Бүгін, 26 желтоқсанда аталған шағын ауданда жалпы ұзындығы 3045 метрді құрайтын, диаметрі 426 мм магистральді жылу құбырынан ақау табылды. Сол себептен, жергілікті уақытпен сағат 11:30-да жылу беру уақытша тоқтатылды. Бұл құбыр көпқабатты 87 тұрғын үй мен №40 орта мектепті жылумен қамтиды. Нақтылай айтсақ, қазір жылу беру №1-27, №55-70, №80-11, №112-121 және Нарынбаев көшесінде орналасқан №17, 15, Мәденов көшесіндегі 14а мекенжайындағы үйлер жылусыз отыр», -деп хабарлады Темірлан Әубәкіров.


Оның айтуынша, аталған жылу құбырына жөндеу жұмыстарын «Атырау Жылу Жүйелері» АҚ-ның мамандары жүргізіп жатыр. Аталған кәсіпорынның бірініші вице-президенті-бас инженер Әлібек Темірғалиевтің дерегіне қарағанда, жөндеу жұмысына 15 қызметкер мен 5 техника тартылған. Жөндеу жұмыстары аяқталғасын тұрғын үйлерге жылу беру қайтадан іске қосылатын болады.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда 9 көпқабатты тұрғын үй бірнеше сағат жылусыз қалғанын хабарлаған болатынбыз.

Жылудың тоқтатылуына «Нұрсая» шағын ауданында жылу қазандығының істен шыққаны себеп болған. Тұрғын үйлерге коммуналдық қызмет көрсету мекемесінің басшылығы жылу беру үшін диагностика жүргізбегені анықталған.


Соңғы жаңалықтар