Атыраудағы сауда үйіне газ шашты деп күдік келтірілген адам ұсталды

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» ХАА Атыраудағы ірі сауда нысандарының бірі «Насиха» сауда үйінде белгісіз біреулердің газ шашып кетіп адамдардың уланып қала жаздағандығы туралы ақпаратты таратқан болатын. Бүгін тәртіп сақшылар осы іске қатысы болуы мүмкін күіктіні құрықтады.

«Қоғамдық орында газ шашып, бұзақылық әрекетке барған азамат ұсталды. Бұл факті бойынша Атырау облыстық Ішкі істер департаментінің өкілдері «Бұзақылық» әрекеті бойынша іс қозғады. Аталған іс бойынша тергеу жұмыстарымен қазір арнайы жедел топ айналысуда»,-деді Жергілікті полиция қызметінің бастығы Ерлан Биғамбаев.

Айта кетейік, сенбі күні кешкісін ондаған адамдар белгісіз иістен уланып, жөтеліп, тыныстары тарылып бара жатқан соң сауда орталығын тастап шығуға мәжбүр болған еді.

«Мен алдымен не болғанын түсінбей қалдым. Бутикте отырып, бір мезетте елдің барлығының жөтеле бастағанын байқадым. Алдымен қандай да бір ауру тарады ма деген ой келді. Содан соң белгісіз иісті сезіп, тамағым жыбырлап кетті. Біз бірден далаға жүгіріп шықтық, біз шыққан кезде онда тағы ондаған адамдар жиналып тұрды. Олардың кейбірі жөтеліп қана қоймай, демдері де жетпей жатты. Біраз уақыттан соң полиция қызметкерлері келді»,-деді оқиғаның куәгері Әйгерім Мақашева.

Соңғы жаңалықтар