Атыраудағы перинаталды орталықта инфекция анықталды - ДСМ
«Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаеваның төрағалығымен 26 адамнан тұратын комиссия 5 қазан күні жұмысқа кірісіп, жұмыстарын 18 қазанда аяқтады. Яғни, комиссия жалпы аймақтағы балалар өліміне не себеп болғанын анықтау үшін талдау жұмыстарын жүргізді. Дәл осы Атырау облыстық перинаталды орталықта тамыз-қыркүйек айларында бала өлімінің неліктен көбейіп кеткенін зерттедік», - деді Людмила Бюрабекова Парламент Сенатындағы Үкіметтік сағаттан кейін тілшілердің сұрағына жауап бере отырып.
Комитет басшысының айтуынша, Атыраудағы сәби өлімі тіркелген облыстық перинаталды орталықтан ішкі ауруханалық инфекцияның бары анықталған.
«Ол – бактериальды ішкі ауруханалық инфекция. Қазіргі қолданыстағы заң бойынша ол ауруханада комиссия-инфекциялық бақылау болуы керек болатын. Алайда ол орталықта ол комиссия сөз жүзінде ғана жұмыс істеген», - деді ол.
Еске салайық, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жаңа туған сәбидің өліміне, сондай-ақ, жемқорлық қылмыстар бойынша күдікті Атырау облыстық перзентханасының бас дәрігеріне қатысты істің мән-жайын баяндады.
Атырау облысына ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі бастаған республикалық денсаулық сақтау ұйымдарының мамандары келді. Олар облыстық перинаталдық орталықтың дәрігерлеріне көмек көрсетеді.
Сондай-ақ, перинаталдық орталықтың 31 қызметкері жұмыстан кету туралы өтініш жазғаны белгілі болды.