Атыраудағы өрттен зардап шеккендердің аты-жөндері жария етілді

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атырау облыстық ТЖД Қарабатандағы жатақхана өртенгенде қаза тапқандар мен зардап шеккендердің аты-жөндерін жария етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Зардап шеккендер облыстық ауруханаға жеткізілді. Олардың қатарында бесінші санатты электрмен дәнекерлеуші Ұлан Амангелдіұлы Байшығыров, электр газбен дәнекерлеуші Нұржан Ерқалиұлы Қалмұрзиев, электрмен дәнекерлеуші Ринат Шаймерденұлы Айымбетов, дәнекерлеуші Қанат Тиыштықбекұлы Жаркынбеков бар.

Қаза тапқандар: үшінші санатты слесарь-монтаждаушы Самат Бақытбекұлы Жұмабеков, төртінші санатты слесарь-монтаждаушы Ерлан Әуезханұлы Жұрымбаев, төртінші санатты слесарь-монтаждаушы Ерген Қалқұлұлы Демеуов, төртінші санатты слесарь-монтаждаушы Мақсат Асқамбекұлы Шыңғысбаев, төртінші санатты слесарь-монтаждаушы Самат Асқарұлы Кенжебаев, бесінші санатты электр газбен дәнекерлеуші Ералы Нұрәліұлы Молдабеков. Қаза тапқандар мен зардап шеккендердің барлығы Оңтүстік Қазақстан облысында тіркеуде тұрған», - деп хабарлайды өңірдің Төтенше жағдайлар департаменті.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Атырау қаласынан шамамен 40 шақырым жердегі Қызылқоға ауданында салынып жатқан Қарабатан «Газтурбиналық электр стансысының» құрылыс аумағында орналасқан жатақхана өртенді. 6 адам қаза болып, 4-еуі зардап шекті.

Алдын ала болжам бойынша, өрт электр сымдарының қысқа тұйықталуынан шыққан.

Атырау облысы әкімінің  бірінші орынбасары Сағындық Лұқпановтың басшылығымен жергілікті атқарушы органдар тарапынан жедел штаб құрылды.

Жатақханадағы өрттен қаза тапқандардың отбасына материалдық көмек көрсетіледі. Бұл туралы «PSI Story industriya» АФ ЖШС мердігерлік ұйымының жобалық менеджері Ержан Садырбалин  хабарлады.

Компания басшылығы қаза болғандардың отбасына материалдық өтемақы төлеп, сондай ақ зардап шеккендердің емделуін өз мойнына алады.

Қазіргі уақытта өрт болған жерде шұғыл тергеу тобы жұмыс істеуде.

Автор - А.Соколов

Соңғы жаңалықтар